Маңғыстауда ер адам өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылды
Маңғыстау облысында мас күйінде бірнеше рет көлік жүргізшені үшін жауапқа тартылған азаматқа үкім шықты, деп хабарлайды «24KZ».
Облыстық Бас прокуратура мәліметінше, Маңғыстау аудандық сотының үкімімен ер адам Қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Сонымен қатар өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Ол осы жылдың наурыз айында ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша спирттік ішімдік ішіп, масаң күйінде көлікті басқарғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған. Сот шешімімен ол 15 тәулік әкімшілік қамаққа алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған болатын.
Алайда сот белгілеген тыйымға қарамастан, ер адам мамыр айының соңында қайтадан мас күйінде көлік тізгіндеген. Осы дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сот оны Қылмыстық кодекстің 346-бабы бойынша кінәлі деп таныды.
Нәтижесінде ол 1 жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылды. Сотталушы сот залында қамауға алынды.