Қызылордада дауылдан көпқабатты үш үйдің шатыры құлады
Қызылорда қаласында соққан қатты дауыл салдарынан көпқабатты үш тұрғын үйдің шатыры құлады.
Табиғаттың тосын мінезі қала инфрақұрылымына да айтарлықтай зиян келтірді. Атап айтқанда, Тасбөгет кентінде электр бағаны зақымданып, соның салдарынан Сәулет, СПМК-70, Арай, Сырдария шағын аудандары мен Тасбөгет кенті уақытша электр жарығынсыз қалды. Сонымен қатар Сәулет шағын ауданындағы бір көшеде оннан астам жарық шамы құлаған. Қазіргі уақытта ауа райының күрт құбылуынан бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқиға орындарына арнайы авариялық-қалпына келтіру бригадалары жұмылдырылып, электр желілері мен зақымданған инфрақұрылымды қалпына келтіру шаралары қолға алынған.
Арнұр Нұрмағанбетов, қала әкімінің орынбасары:
- Бұл жағдайға байланысты біз барлық коммуналдық мекемелерді шұғыл жұмылдырдық. 20-дан астам бригада құрылды. Нәтижесінде бүгінгі күні электр желілері, электр бағаналары толық қалпына келтірілді. Тұрғындарға электр желісі үздіксіз беріліп отыр. Шатыр жөндеу жұмыстары қазіргі уақытта жүргізіліп отыр, қысқа мерзімде аяқтаймыз. Ахуал тұрақты, барлық жағдай бақылауға алынды.