Қазақстанда әйелдер мен ерлер жалақысының айырмасы 28,2%-ға жетті
Қазақстанда әйелдер мен ерлер арасындағы жалақы айырмасы соңғы жылдары ұлғайып келеді. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректеріне негізделген талдау бұл үрдістің күшейіп отырғанын көрсетеді, деп хабарлайды «24KZ» сайты finprom.kz сайтына сілтеме жасап.
2025 жылдың қорытындысы бойынша әйелдердің орташа айлығы ерлер жалақысының небәрі 71,8%-ын құрады. Яғни, әйелдер орта есеппен 372,8 мың теңге алса, ерлердің табысы 519 мың теңгеге жеткен. Бұл әйелдердің жалақысы ерлерден 28,2%-ға төмен екенін көрсетеді.
Сарапшылардың айтуынша, 2020 жылы бұл көрсеткіш 75% болған еді. Соңғы бес жылда гендерлік алшақтықтың артуы еңбек нарығындағы теңсіздіктің күшейгенін аңғартады.
Ең үлкен айырмашылық қай салаларда?
Жоғары жалақы төленетін салаларда айырмашылық айқын байқалады. Қаржы және сақтандыру секторында әйелдердің жалақысы ерлер табысының 69,3%-ын құрайды. Жылжымайтын мүлік саласында бұл көрсеткіш – 72,6%, ал компьютерлік бағдарламалау бағытында әйелдер ерлерден шамамен 33,5%-ға аз жалақы алады.
Ең төменгі айырмашылық құрылыс (97,7%) және әкімшілік әрі қосалқы қызмет көрсету (96,3%) салаларында тіркелген.
Білім саласында әйелдердің жалақысы жоғарырақ
Ерекше жағдай білім беру саласында байқалады. Балабақша қызметкерлері арасында әйелдердің жалақысы ерлерден 41,9%-ға жоғары, бастауыш білім беруде – 20,1%-ға, мектептерде – 11,1%-ға артық.
Алайда жоғары оқу орындарында жағдай өзгеше: университеттерде ерлердің жалақысы әйелдерден шамамен 15%-ға жоғары.
Аймақтар арасындағы айырмашылық
Өңірлер бойынша ең үлкен гендерлік жалақы алшақтығы Маңғыстау және Атырау облыстарында тіркелді. Мұнда әйелдердің жалақысы ерлер табысының тиісінше 47,5% және 57,9%-ын ғана құрайды.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз