Қостанай облысындағы Құсмұрын ауылының теміржол вокзалы жаңартылды

Қостанай облысындағы Құсмұрын ауылының теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне тапсырылды.  

Перроны кеңейтіліп, жаңа кейіпке еңген нысанда жолаушылар қолайлы жағдай жасалған. Қазір станцияның құрамы 20 вагоннан асатын жолаушылар пойызын қабылдауға мүмкіндігі бар. 

Президент тапсырмасымен ауқымды жаңғыртылуы тиіс темір жол вокзалдарының тізіміне Қостанай облысынан 6 нысан енді. Бүгінде соның екеуінде жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Бірі Аманқарағайда, екіншісі осы Құсмұрын ауылында.   

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

- Жолаушыларға ыңғайлы болуы үшін, көп жұмыстар жүргізілді. Вокзалдардың ішінде де, сыртында да, перронда да көп өзгерістер болып, осы вокзал арқылы өтетін азаматтарға көп ыңғайлы жағдай жасалғанын көресіздер.   

Бұл вокзал сонау 1949 жылы салынған. Соңғы рет жөндеу жұмыстары 15 жыл бұрын жасалыпты. Бірақ қанша жамап-жасқағанмен, ескінің сиқы келген бе. Сондықтан толық жаңғырту қажеттілігі туындады. Бұл мақсатқа бюджеттен 960 миллион теңге бөлінді.    

Марат Туғамбаев, "Қостанай магистральдық желі бөлімшесі" филиалының директоры:

- Күту залы да үлкейді, оның себебінен әрі қарай перронный площадь дейміз ғой, 350 метр болса, бүгінде почти 500 метрден жоғары. 

Құсмұрынның байырғы тұрғыны Көшербай Төлегенов теміржол саласының ардагері. Вокзалдың қазіргі жағдайы бұрыңғымен салыстырғанда жер мен көктей, дейді.  

Көшербай Төлегенов, Құсмұрын ауылының тұрғыны: 

- Қазіргі кезде бала мен ананың бөлмесі бар. Сырттан келген қонаққа гостиница бар. Душы бар, санузелі. Көріп тұрсың міне жағдайлар бәрі істелген.  

Облыс әкімі бұл өңірдің инвестициялық тартымдылығы жоғары екендігін атап өтті. Құсмұрындағы қоңыр көмір, боксит қоры бизнестің қызығушылығын тудырып отыр. Сондықтан болашақта бұл жермен жүк тасымалы артып, вокзалды әлі де кеңейту қажеттілігі туындауы мүмкін.  

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг