Ақтөбеде 850 адам жұмыспен қамтылады

Тәжірибесі мол бірақ орта жастан асқан азаматтар жұмыссыз қалмайды. «Күміс жас» мемлекеттік жобасы оларға қолдау көрсетеді.

Бағдарлама сәтті жүзеге асып жатқан аймақтың бірі Ақтөбе. Биыл өңірде жоба аясында 850 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған. Жоба қатысушылары түрлі мекемелер мен кәсіпорындарға орналасып, тұрақты табыс табуға мүмкіндік алады.

Гүлмира Дүйсекенова бұл жиһаз цехында үш жылға жуық жұмыс істейді. Ол тапсырыстардың дұрыс жиналып, клиентке толық жеткізілуін бақылайды. Гүлмираға жұмыс табуға "Күміс жас" бағдарламасы аясында мансап орталығының мамандары көмектескен.

Гүлмира Дүйсекенова, жиһаз цехының жұмысшысы:

- Мен бұған дейін де бірталай жерге барып, жұмысқа орналасуға әрекет жасап көрдім. Бірақ жасым үлкен болғандықтан көп жерде қабылдамай қойды. Кейін жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. Сол арқылы осы жерге келдім. Маған бұл өте қолайлы. Жалақым тұрақты, әлеуметтік пакеттері де толық қарастырылған.

Гүлмира Дүйсекенова еңбек ететін жиһаз цехы 10 жылдан астам уақыттан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Өндірісті кеңейту және дамыту мақсатында кәсіпкер Мұрат Исанов жеңілдетілген несие бағдарламасын пайдаланыпты. Сонымен қатар мемлекет тарапынан қызметкерлердің жалақысын ішінара субсидиялау түрінде қосымша қолдау көрсетілді. Бұл шаралар кәсіпорынның тұрақты дамуына және жаңа жұмыс орындарының сақталуына мүмкіндік беріп отыр.

Мұрат Исанов, кәсіпкер:

- Елу жастан кейін бағдарламасыз жұмысқа кіру қиын. Сосын «біз алып алдық», «қазір бірнеше жұмысшымыз бар», «олар өз өздерін жақсы көрсетеді», «жақсы жұмыс істейді», «жұмысқа уақытылы келеді» дейді. Оларға да айлық үкіметтен 70 пайыз уақыты түсіп тұрады. Әр айдың 10-на дейін айлықтары түсіп болады. Сосын бізге де олардың айлықтарына қосымша сыйақы беруге ыйғайлы.

Венера Үрімбаева, Ақтөбе облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығының директоры:

- «Күміс жас» жобасы бізде елуден асқан азаматтарға арналған. Жұмыс берушімен еңбек мобильдік орталығы арасында келісім-шартқа отырамыз. Бағдарламаның ұзақтығы - 36 ай. Жалақыны жұмыс беруші өзі бекітеді. Бірінші жыл 70 пайызын Үкімет тарапынан субсидиялады, екінші жылы 65 пайызы, үшінші жыл 60 пайызға мемлекет тарапынан субсидия алады.

Биыл аталған мемлекеттік бағдарлама аясында 850 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде жасы елуден жоғары 743 тұрғын жұмысқа тұрған. Мамандардың айтуынша, бағдарламаның арқасында аспаз, сатушы, күзетші мен ауылшаруашылығы саласының мамандары жұмыс тауып жатыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков