Қазақстанда жерлеу қызметтері неге қымбаттап жатыр?

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда жерлеу қызметтері нарығы бір жыл ішінде екі еседен астам ұлғайған, ал қайтыс болғандар саны іс жүзінде өзгермеген, деп хабарлайды «24KZ» Energyprom.kz  сайтына сілтеме жасап.

2026 жылдың қаңтар–наурызында елде 31,2 мың адам қайтыс болған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (31 мың адам) небәрі 0,6%-ға көп. Көрсеткіш соңғы жылдардағы ең төмен деңгейлердің бірі болып отыр.

Соған қарамастан, жерлеуді ұйымдастыру және оған қатысты қызметтердің көлемі 1,8 млрд теңгеге жетіп, бір жыл бұрынғы 837,9 млн теңгеден екі еседен астам артты.

Аймақтар бойынша ең жоғары өлім-жітім Алматы қаласында тіркелді – 2,8 мың адам. Одан кейін Қарағанды (2,6 мың), Түркістан (2,3 мың), Алматы облысы (2,2 мың) және Қостанай облысы (2 мың) тұр.

Сала динамикасы біркелкі емес. 2022 жылдың I тоқсанында көлем 6,9 млрд теңгеге жетсе, 2023 жылы 1,5 млрд теңгеге дейін төмендеп, 2024 жылы 2,1 млрд теңге болған. 2026 жылғы көрсеткіш өсім көрсеткенімен, 2022 деңгейінен төмен.

Жылдық есепте 2025 жылы нарық 22,2 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 3,5 есеге артқан (2024 жылы – 6,4 млрд теңге, 2023 жылы – 2,8 млрд теңге).

Нарық құрылымында да өзгеріс бар: 2025 жылы жерлеу және кремация қызметтері 14,8 млрд теңгені құрап, жерлеу бюролары қызметінен (7,4 млрд теңге) басым түскен.

Баға деңгейі де өсуде. 2026 жылдың I тоқсанында ритуалдық қызметтер 7,1%-ға қымбаттаған. Ең жоғары өсім Ақтөбе (+20%), Жамбыл (+16,9%), Қостанай (+15,6%) облыстарында және Алматы қаласында (+14,9%) тіркелді. Бірқатар өңірлерде баға өзгермеген.

Мамандардың айтуынша, нарықтағы өсім демографиялық өзгерістерден емес, қызмет құнының артуы мен құрылымдық өзгерістермен байланысты болуы мүмкін.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз