Әлемдік нарықта инвестиция үшін бәсеке күшейді
Әлемдік қаржы нарығында капитал тарту қиындап барады. АҚШ Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемені көтеруі несие алуды қымбаттатып, компаниялардың жаңа жобаларын қаржыландыруына әсер етіп отыр. Соған қарамастан, ірі технологиялық компаниялар қор биржасына шығуға дайындалып жатыр. Алайда инвесторлар енді кез келген жобаға қаржы салуға асықпайды. Бұл туралы 24KZ телеарнасының «Қаржы нарығы» бағдарламасында айтылды.
АҚШ Федералдық резерв жүйесі қыркүйекте пайыздық мөлшерлемені көтерді. Бұл – 2023 жылдан бергі алғашқы өсім. Желтоқсанда мөлшерлеме тағы көтерілуі мүмкін деген болжам бар. Қарыз қаражатының қымбаттауы компаниялардың жаңа жобаларды іске асыруына, өндіріс көлемін арттыруына және инфрақұрылымға инвестиция салуына кері әсер етуі мүмкін.
Мұндай жағдайда инвесторлар тәуекелі жоғары активтерден гөрі тұрақты кіріс әкелетін қаржы құралдарына басымдық береді. Әсіресе технологиялық секторға қысым күшеюі ықтимал. Себебі бұл саладағы көптеген жоба несие мен облигациялар арқылы қаржыландырылады.
Жоғары пайыздық мөлшерлеме мен қымбат несие нарыққа екі түрлі әсер етеді. Біріншіден, компаниялардың болашақтағы табысы бүгінгі бағамен есептегенде төмендейді. Екіншіден, салынып жатқан деректер орталықтарының көбі қарыз қаражаты, яғни облигациялар шығару және несие алу арқылы қаржыландырылады. Сондықтан мұндай жағдай технологиялық компанияларға ауыр тиеді, - деді сарапшы Алдияр Әнуарбек.
Қаржы нарығына әсер ететін тағы бір фактор – мұнай бағасы. Қазан айында Brent маркалы мұнайдың құны барреліне 116 доллардан асып, соңғы төрт жылдағы ең жоғары деңгейге жетті. Кейін баға 105 доллар шамасына дейін төмендеді. Мұнайдың қымбаттауы өндіруші елдердің кірісін арттырғанымен, энергияны көп тұтынатын компаниялардың шығынын көбейтеді. Сонымен қатар инфляциялық қысымды күшейтіп, орталық банктердің пайыздық мөлшерлемені төмендетуіне кедергі келтіруі мүмкін.
Осы жағдайда ірі технологиялық компаниялардың қор биржасына шығуы нарықтағы негізгі оқиғалардың біріне айналып отыр. Мәселен, SpaceX биыл маусымда алғашқы жария орналастырулардың бірін өткізді. Ал жасанды интеллект саласындағы Anthropic компаниясы да IPO-ға дайындалып жатыр. Оның болжамды нарықтық құны 1,5–2 триллион доллар аралығында бағаланып отыр.
Дегенмен биржаға шығуға дайындалған компаниялардың бәрі бірдей инвесторлардың көңілінен шыға бермейді. Мәселен, австралиялық Firmus компаниясы IPO жоспарын кейінге қалдырды. Бұған компанияның жоғары бағалануы, қарыз көлемі және жасанды интеллект инфрақұрылымына салынған инвестициялардың қайтарымына қатысты күмән әсер еткен.
Сарапшының айтуынша, инвесторлардың қолында қаражат бар. Бірақ олар енді биржаға шығатын компанияларды мұқият таңдайды. Бұған биылғы IPO нарығындағы оқиғалар да әсер еткен.
Биыл жасанды интеллект компанияларына шамамен 460 миллиард доллар қаражат тартылды. Демек, инвесторларда ақша бар. Бірақ енді олар компаниялар мен IPO-ларды таңдап қаржыландырады деп ойлаймын. Биылғы оқиғаларға қарасақ, SpaceX акциялары биржаға шыққаннан кейін шілдеде орналастыру бағасынан төмен саудаланды. Ал австралиялық Firmus компаниясы IPO арқылы 5 миллиард долларға дейін қаржы тартуды жоспарлағанымен, ірі серіктестерінің бірі жобадан шығып, инвесторлар өз ұсыныстарын қайтарып алды, - деді BBC Invest талдау және зерттеулер департаментінің сарапшысы Алдияр Әнуарбек.
Осылайша, компанияның танымалдығы мен жоғары бағалануы инвестиция тартуға кепілдік бермейді. Инвесторлар үшін бизнестің нақты табысы, өсу мүмкіндігі және салынған қаражаттың қайтарымы маңызды. Әсіресе жасанды интеллект саласында инфрақұрылымға миллиардтаған доллар жұмсалғанымен, оның қашан табыс әкелетіні әзірге белгісіз.
Сондықтан әлемдік қор нарығында капитал үшін бәсеке күшейіп келеді. Ақша тартуға мүмкіндік болғанымен, инвесторлар қаржысын кез келген жобаға емес, болашағы мен табыстылығына сенетін компанияларға бағыттауға тырысады.