Жаңа Конституцияны сапалы іске асыру тетіктері талқыланды

Конституция – елдің даму бағдарын айқындайтын негізгі құжат. Олжас Бектенов төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ата заңда айтылған өзгерістерді сапалы іске асыру тетіктері талқыланды. 

Премьер-министр жаңа құжат «қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, азаматтардың әл-ауқатын лайықты деңгейде қамтамасыз ету, «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталғанын» айтып, министрлерге конституцияны жүзеге асыруға жұмыла кірісуге шақырды.

Жаңа Конституция – Қазақстанның болашақ даму бағытын айқындайтын құжат. Бүгінгі Үкімет отырысын Премьер-министр осы сөзден бастады. Кейін Ата заңды сапалы жүзеге асыру тектіктері талқыланды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Ата заңның қабылдануы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан елімізді жаңғыртудың жаңа кезеңін азаматтарымыздың жаппай қолдайтынын анық көрсетті. Жаңа Конституция экономикалық көрсеткіштермен ғана өлшенбейтін озық әрі қарқынды дамудың берік институционалдық негізін қалыптастырады.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:
- Қазақстанда заңнаманы ауқымды жаңғырту басталды. Нормативтік базаны жаңа Конституцияға кезең-кезеңімен сәйкестендіру туралы әділет министрі Ерлан Сәрсембаев баяндады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Жарлығымен 5 дербес конституциялық заң қабылданды, сондай-ақ қолданыстағы 9 конституциялық заң, 15 кодекс және 51 заң  жаңа Ата заңға сәйкестендірілді. Бұл бір палаталы Парламентке көшуге және тамызда Құрылтай сайлауын өткізуге құқықтық негіз болады.

Ерлан Сәрсембаев, ҚР Әділет министрі:
- Келесі кезең жаңа конституциялық қағидаттар мен құндылықтарға сүйене отырып, бүкіл құқықтық жүйені кешенді дамыту. Бұл бағыттағы жұмыс басталды. Үкімет бекіткен Конституцияны түсіндіру шаралары аясында мемлекеттік органдар қолданыстағы заңнамаға кешенді талдау жүргізіп отыр. Әділет министрлігі тиісті үйлестіру жұмысын қамтамасыз етіп жатыр.

Жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі – «Заң мен Тәртіп». Олжас Бектенов Ішкі істер министрлігіне құқық бұзушылықтың алдын алу жоспарын өзектендіруді тапсырды. Ал осы қағидаттардың іске асырылуын бақылайтын комиссияға жұмыс жоспарын жаңарту міндеті жүктелді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Жаңа Конституцияны зерделеуге, заң үстемдігі қағидаттарына және адам құқықтарын құрметтеуге бағытталған заманауи білім беру және тәрбие тәсілдерін енгізуді қамтамасыз еткен жөн. Біз бәсекеге қабілетті маманды ғана емес, еліміздің болашағы үшін тікелей жауапкершілікті сезінетін азаматты да тәрбиелеуіміз керек.

Атаулы әлеуметтік көмек, қоғамдық қауіпсіздік, цифрлық трансформация тіпті аумақтарды абаттандыру мәселелерін қамтыған отырыс осылай аяқталды. Ал Олжас бектенов әрбір жауапты басшы жаңа Конституцияны жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмсайтынына сенім білдірді. 

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Жандос Битабаров