Балаларға SIM-картаны тіркеу тек биометрия арқылы рәсімделеді

Қазақстанда 14 жасқа толмаған балаларға абоненттік нөмірді тек заңды өкілдері биометриялық сәйкестендіру арқылы тіркейді. 

Бір кәмелетке толмаған балаға тек бір нөмір рәсімделеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі нөмірлерді тіркеу кезіндегі қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін хабарлады. Елде байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына өзге де өзгерістер енгізілді. «Жаңа нормалар 2 шілдеде күшіне енеді», - дейді құзырлы министік өкілі.

Бір балаға бір нөмір тіркеуге болады. Оған міндетті түрде ана-анасы немесе заңды өкілінің көмегі қажет. Абоненттік нөмірді рәсімдеу үшін биометриялық сәйкестендіруден өту талабы орындалуы шарт. Қазақстанда 6 жастан 15 жасқа дейінгі балалардың 90%-дан астамы смартфон қолданады. Яғни жасөспірімдердің дерлігі интернет, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды күнделікті қолданатынын, сауалнамалық зерттеулер көрсетіп отыр. «Айта кетерлігі, елде мектеп жасындағы 4 жарым млн-нан аса бала болса, олардың барлығы мобильді байланыс пайдаланады», - дейді сарапшылар.

Мақсат – SIM-карталарды заңсыз рәсімдеу тәуекелдерін жою. Әзірлеушілердің айтуынша, бұл шара балалардың мобильді интернетті қолдануын бақылауды күшейтеді. Әрі цифрлық ортада жеткіншектердің қауіпсіздігін қорғау деңгейін арттырады. Сонымен қатар енді абонентер кез келген ақылы қызметке қосылу кезінде екі кезеңді растаудан өтеді. Сосын қабылданбаған қоңыраудан соң іле-шала келетін бірнеше қысқа қоңыраулар тоқтатылды.

Айнұр Бисенбаева, ҚР ЖИЦДМ Телекоммуникациялар комитеті байланыс саласындағы мемлекеттік саясат басқармасының басшысы:
- Бүгінгі таңда байланыс қызметтерін көрсетудің қағидалары министрлік бұйрығымен бекітілген. Ол бұйрыққа 17 маусым күні тиісті өзгертулер енгізілді. Өзгертулер аноненттердің құқықтарын қорғау мақсатында әзірленген болатын. Азаматық кодекстің 21-бабына сәйкестендіруге бағытталған. Яғни кез келген жасөспірім ата-анасының, қорғаушысының келісімімен абоненттік нөмірді рәсімдей алады және SIM-картаның саны 1-ден аспауы қажет. 22 маусымда жарияланған күннен бастап яғни 2 шілдеден бастап ереже күшіне енеді.

Балаларды зиянды контенттен қорғау – бүгінде әлем елдерін алаңдатқан мәселе. Мамандар қауіптің алдын алудың түрлі тәсілдерін ұсынып отыр. Бастаманың бірі – балаларға арналған SIM-карталарды енгізу. Айтпақшы, «SIM KIDS» жобасы былтыр Алматы қаласында пилоттық режимде іске қосылды. Балаларға арналған SIM-карта заңға қайшы, бейәдеп контентті автоматты түрде бұғаттап отырады әрі ата-аналарға баланың онлайн кеңістіктегі белсенділігін бақылауға мүмкіндік береді. «Бұл – қауіпсіздікке бағытталған кешенді шараның бір бөлігі», - дейді заңгер.


Нұрсұлтан Орынбеков, заңгер:
- Бұл – кешенді шаралардың бір тетігі. Өйткені біз білетіндей, аса ауыр қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Балалар SIM-карта арқылы қандай құқық бұзушылықтар жасауы мүмкін? Мысалы, алаяқтарға сыбайлас болуы немесе жалған террористік акт туралы хабар беруі мүмкін. Мұның барлығы осындай әрекеттердің алдын алуға, яғни превенция мен профилактикаға бағытталған шаралар деп есептеймін, заңгер ретінде. Екіншіден, верификациялау арқылы ата-ана өз баласы үшін жауапкершілікті тікелей өз мойнына алады.

Жыл басында елімізде ересектерге арналған жаңа ережелер күшіне енді. Азаматтар SIM-картаны іске қосу үшін міндетті түрде биометриялық сәйкестендіруден өту керек. Шара нөмірлерді заңсыз сату, интернет-алаяқтық әрекеттеріне тосқауыл болмақ. Елімізде 1 азамат 10 SIM-картаға дейін тіркей алады. Бұл лимиттен асса, жағдай жеке өтініш арқылы қарастырылады. Ал атыңызға қанша SIM-карта рәсімделгенін тексеру үшін eGov порталында арнайы тетік іске қосылды.

Авторы: Рухани Әбдірахман