Ел тарихының жаңа кезеңі басталды

Жаңартылған Ата заңмен бірге мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа кезеңі басталды. 

Қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай келіп, мемлекеттің саяси жүйесінің жаңа парағын ашады. Алдымызда заман талабына сай жаңа міндеттер тұр. Құрылтайдың негізгі басымдықтарын саралаған мемлекет басшысы «Олардың негізгісі жаңа экономикалық модельге көшу, толық цифрлық мемлекетті қалыптастыру, елдің энергетикалық және инфрақұрылымдық әлеуетін нығайту, коммуналдық саланы жаңғырту және адами капиталды дамыту» деп атап көрсетті. Саяси маңызды күнде ел азаматтары жаңа Ата Заң туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

БЛИЦ

- 95-жылғы Конституцияның басты мақсаты: тәуелсіз мемлекетті қалыптастыру болатын. Саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету еді. Ал қазір жаңа заңда негізгі басымдық адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту құқықтық мемлекетті дамыту көзделген. Және өзіміздің ұрпағымыз мақтан тұтатындай, біз ұрпағымызбен мақтанатындай болашақты бірге құруды жалғастыруымыз керек. 

- Жаңа Конституцияның қабылдануы Отанымыздың жастарына өздерінің көптеген игі бастамалары, істерге немесе өз саласындағы қызметке, кәсіпке өздерін көрсете алуына үлкен мүмкіндік береді деп сенеміз. Біз Қазақстан жастары елдің ертеңін жалғастыруда, болашағымыздың сенімді, мығым болуына барынша атсалысамыз. Жаңа Конституция - ол біз үшін үлкен мүмкіндік деп білеміз.

- Барша қазақстандықтарды осынау тарихи датамен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін енді Қазақстанның жаңа Конституциясы қолданысқа еніп жатыр. Бұрынғы Конституцияда жалпы халықтың, жалпы қоғамның барлық аспектілері ескерілді. Дей тұрғанмен, 21-ғасырда өмір талабына сай белгілі бір өзгерістер қажет болды. Ол өзгерістер енді және ол өзгерістер заңнамамен бекітілді.