Астанада отбасын қорғаудың конституциялық кепілдіктері талқыланды
Елордада отбасы саясаты мен гендерлік әділеттіліктің конституциялық кепілдіктері талқыланды.
Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Конституциялық Сотпен бірлесіп, мемлекеттік және құқық қорғау органдары өкілдерінің басын қосты. Жиында отбасы институтын нығайтуға бағытталған өзекті мәселелер қаралды.
Елімізде отбасы басты құндылықтардың қатарында. Бұл ата заңда жазылған және тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы да көрсетіп отыр. Конституция жанұя, ана, әке және баланы қорғауға қатысты нормаларды күшейетті.
Снежанна Имашева, ҚР Отбасы мәселелері жөніндегі уәкілі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары:
- Отбасы, ана, әке, бала бәрі мемлекеттің қорғауында болады. Неке деген ер мен әйел арасындағы тең одағы және балаларға қамқорлық көрсету ата-ананың етене құқығы және міндеті. Егер ересек азаматтар жұмысқа қабілетсіз болса, оларды балалары қамқорға алуға деген контитуциялық міндет деп жазылған.
Отбасы институтын нығайту, оған көрсетілетін көмекті іске асыруда. Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның атқаратын жұмысы орасан. Ауқымды істің қатарында, 2030 жылға дейінгі тиісті тұжырымдаманың жаңарғаны, отбасын қолдау орталықтарының даму жолына түскенін айтуға болады. Бүгінде ел бойынша 160 орталық бар. Жыл басынан бері оларға 50 мыңнан астам өтініш түсіп, 43 мың отбасы консультациялық көмек алған. Ал 6 мыңға жуығы қамқорлықта болады. Бұған қоса, қазір Президент тапсырмасына сай, дәстүрлі отбасы институтын нығайтудың заңнамалық базасы әзірленіп жатыр. Шілдеден бастап күшіне енген Конституция мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың да отбасыға қатысты көрсетілетін қызметтерін жаңа жүйеге көшірмек. Атап айтқанда, медициналық, әлеуметтік, құқықтық сынды көмектерін үйлестіруде көрініс табады. Ал оның орындалу барысын Конституциялық сот қадағалайды. Оның өкілдері бүгін неке тек ерікті және тең құқық қағидатымен бекітілгенін баса айтты. Бұл мәжбүрлі түрде отбасы құрудың алдын алмақ, сондай-ақ әйелдің мәртебесін нығайтпақ.
Эльвира Әзімова, ҚР Конституциялық сотының төрағасы:
- Конституцияның 30-бабының конституциялық мәні оның тікелей мазмұнынан әлдеқайда кең. Ол отбасын әлеуметтік қорғау объектісі ретінде ғана емес, адамның қадір-қасиетіне, еркіндікке, ерлі-зайыптылардың теңдігіне, отбасы мүшелерінің өзара жауапкершілігіне және ұрпақтар сабақтастығына негізделген дербес конституциялық құндылық ретінде бекітеді. Бұл бап заң алдындағы теңдік пен кемсітушілікке жол бермеу қағидаларымен тығыз байланысты.
Басқосуда отбасы, ана, әке және баланы қорғауға қатысты конституциялық кепілдіктерді іс жүзінде тиімді іске асыру жолдары талқыланды. Сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мен құқық қолдану тәжірибесін бірізділендіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Айжан Жатқанбаева, ҚР Конституциялық сотының судьясы:
- Зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтілін есептеуге қатысты мысал. Конституциялық Сот норманы былайша түсіндіру қажет деп қаулы етті: кішкентай балалардың күтіміне кеткен уақыт, зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтіліне қосылады. Бұл бала күтімін атқарған, жұмыс істемейтін ата-ананың кез келгеніне есептелуге тиіс.
Артур Ластаев, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі:
- Жалпы өткен жылы бізге 10 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Биыл бұл көрсеткіш шамамен 10%-ға өсті. Отбасы саласына қатысты мәселелер көп болған жоқ, санаулы ғана өтініштер түсті. Олардың басым бөлігі некені бұзу тәртібін және сот актілерінің орындалуын түсіндіруге қатысты болды.
Жиын соңында қатысушылар отбасылық заңнаманы жетілдіру, сот шешімдерінің орындалу тиімділігін арттыру, ата-ана жауапкершілігіне қатысты мәдениетті дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруға келісті.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Аманжол Байғазин