БҚО-дағы Деркөл өзенінің арнасы тазаланады
Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында Деркөл өзенінің арнасын кеңейтіп, түбін тазарту жұмыстары басталды.
Бұл шара көктемгі су тасқыны кезеңіндегі қауіпті сейілтуге көмектеседі, - дейді мамандар. Дарияның 7 шақырымдай арнасын аршуға республикалық және облыстық бюджеттен 630 миллион теңге қаржы қарастырылған.
Деркөл өзені басын Ешкітаудың етегінен, Вавилин ауылынан алады. Жүз жетпіс алты шақырым ағып келіп, Орал шаһарына жақын маңда Шаған өзеніне қосылады. Ол өз кезегінде Жайыққа құяды. Жазда түбі тайызданып, тіпті кей жерлерде үзіліп қап жатқанымен, әр көктемде дария буырқана тасып, айналасындағы елді мекендерге қауіп төндіреді. Тасқала ауылының байырғы тұрғыны Алексей Степанов оның басты себебі өзен арнасының тайыздап кеткендігінен деп біледі.
Алексей Степанов, Тасқала ауылының тұрғыны:
- Биыл міне, техникалар келіп, өзен арнасын тазалап жатыр. Өте дұрыс болды. Су көбейеді, балық та мол болады. Ең бастысы көктемде өзен тасымайды. Бұрын түбі лай, қамыс болғасын су еркін аға алмай, арнасынан асып, үйлерді басып қалатын. Тіпті 2011 жылы жүздеген үйді су шайды.
Деркөл өзенінің Тасқала ауылы тұсындағы 7 шақырымдай бөлігінде түбі тазаланса, соның 5 шақырымында арнасы да кеңейтіледі. Яғни дария түбі 2 метрге тереңдетіледі, ені 10 метрге дейін кеңейтіледі.
Ғаббас Нұрмұханбетұлы, учаске басшысы:
- Кейбір ені метрге дейін жетіп қалған жерлерді кеңейтіп, көктемде су тасқынының алдын алу жұмыстарына өте көп көмегі тиеді. Бұрын тазаланбаған соң, барлығы бітеліп қалған. Соның барлығын тазалап, кейбір жерлерде қайыққа дейін тіреліп қалған жерлер болды. Солардың бәрін кеңейтіп, төмендігін тереңдетіп келе жатырмыз.
Деркөл өзенін тазалауға 630 млн теңге қаралған. Жұмыстар жоспар бойынша 2027 жылы аяқталуы тиіс, бірақ мердігер биыл қар түскенше арнаны толық тазалап бітіреміз деп отыр.
Қайрат Досанов, БҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:
- Өзеннің ауылға жақын тұсынан бастап, ауылдан шығып кеткенге дейінгі бөлігі түгел тазаланады. Өйткені өзен түбін ылай басқан. Соның кесірінен су өткізу мүмкіндігі де қатты шектелген. Жалпы Деркөлдің арнасы соңғы рет қашан тазаланғанын айта алмаймыз. 90 жылдары өзен бойына 4 каскадты су қоймаларын салу жөнінде гидрогеологиялық есептер болды. Алайда аяқсыз қалды. Болашақта бұл жобаны жүзеге асыру үшін техника-экономикалық негіздемесін әзірлеу қажет.
Өңірде сонымен қатар Жайық өзенінің жағалауын бекіту, Жайық-Шалқар арнасын жаңғырту жобалары да жүзеге асуда. Мұның бәрі өңірдегі су ресурстарын тиімді пайдалануға ықпал етпек.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов