Алматыда 150 сәбидің жүрегіне ота жасалды
Былтыр Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында 7000-нан аса бала ем алды. Мұнда күрделі операция жасатуға еліміздің түкпір-түкпірінен науқастар келеді.
Орталықта жаңа туған сәбиден бастап, 18 жасқа дейінгі балалар тегін ем алады. Енді Жаңа Конституция сақтандырылу мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға базалық медициналық көмек көрсетуге кепілдік береді. Бұл медициналық қызметтің қолжетімділігі мемлекеттік саясаттың басымдығы болып қала беретінін білдіреді.
Ғылыми орталықтың кордиохирургия бөлімшесінде өткен жылы 400-ден аса операция жасалды. Оның 150-ден астамы жаңа туған нәрестелерге жасалды. Науқастардың көпшілігі туа біткен жүрек ақаулары мен қан тамырлары ауруына шалдыққандар.
Дәуренбек Оразбеков, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының балалар кардиохирургі:
- 150-ден аса ота, ашық ота деп айтамыз, яғни жасанды қан айналымы жағдайында жасалады. Соның ішінде 40-тан аса ота жоғары технологиялық медициналық көмек аясында жасалады. Ол операциялар, мысалы үшін магистральды тамырлардың, артериялардың алмасуы операциясы, аномальды веналардың қосылуы, аномальды қосылуы.
Бүгінде ғылыми орталықта 16 түрлі жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетіледі. Өткен жылы заманауи әдіспен 130 науқасқа операция жасалыпты. Жаңа әдістер қатарында бүйрек пен несеп жолдарындағы тастарды лазермен үгіту тәсілі бар. Бұл операцияларды урология бөлімінің хирургтары жасады.
Бақытжан Әбекенов, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Урология бөлімінің меңгерушісі:
- Эндовидеохирургиялық емдер, эндоваскулярлық рентгенохирургиялық квоталар, сосын соңғы жылы Жапония елшілігінің арқасында алынған құрал-сайманымыз лазерлік сәулелерді қолдану арқылы емдеу жасалуда.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында өткен жылы жалпы 7360 бала ем алыпты. Оның 2300-ден астамына хирургиялық күрделі операция жасалған. Барлық емдеу шаралары Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүзеге асты.
Гүлмира Алтынбаева, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының бас дәрігері:
- Жаңа Конституция әр азаматтың, әр баланың денсаулығын нығайтуға және мемлекетімізде өзін қауіпсіз сезіне алуына кепілдік деп айтсақ болады. Біздің орталықта балалардың денсаулығы үшін ғана күресіп қоймай, ұрпағымыздың болашақта дені сау болып өсуіне көмек көрсетіліп келеді.
Сонымен қатар орталықта 2500-ден аса бала қатерлі ісіктен ем қабылдады. Оның ішінде 58 науқасқа трансплантация жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, Жаңа Конституция медицина саласына озық технологияларды енгізуге және әрбір баланың сапалы ем алуына жол ашады.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Валентин Лобанов