Сот жүйесіндегі кадрлық реформа нәтижесі
Cот жүйесіндегі кадрлық реформа оң нәтиже бере бастады.
Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтылды. Жоғары Сот Кеңесінің мәліметінше, кадрларды іріктеу процесінің барлық кезеңі цифрландырылып, ашықтығы артқан. Әсіресе судьяларды тағайындау жүйесі түбегейлі жаңғырды. Конкурстық рәсімдердің ұзақтығы алты айдан бір жарым айға дейін қысқартылды. Біліктілік емтиханы да жаңартылған. Бұрын үміткерлер барлық кезеңнен бір жарым жылда өтсе, қазір бұл процесс үш айға дейін қысқарды. Биыл төрт емтиханға 304 кандидат қатысып, оның 53-і ғана барлық кезеңнен сәтті өткен. Айта кетейік, 2026 жылдың алғашқы жартысында аудандық соттарға 159 судья тағайындалды. Жалпы мамандардың айтуынша, бұл реформалар сот жүйесінің ашықтығын арттырып, кадр сапасын күшейтуге бағытталған.
Жанат Оспанова, ҚР Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі:
- Біздің мақсатымыз кәсіби білігі жоғары, тәуелсіз әрі қоғамның сеніміне ие судьялар корпусын қалыптастыру. Бұл сот қызметінің басты бағдары. Соңғы 2 жылда бұл бағыттағы жұмыс жаңа сапалық деңгейге көтерілді, өйткені біз жекелеген рәсімдерді емес, тұтас кадрлық жүйені жаңартуға басымдық бердік.