Павлодарда энергетика саласында кадр тапшы

Энергетика саласындағы білікті мамандардың тапшылығы Павлодар облысына ғана емес, бүкіл елге ортақ мәселе. Қазір салада жаңа нысандар салынып, қолданыстағы станциялар жаңғыртылуда.

Осыған байланысты инженерлерге, жылу энергетиктеріне және жұмысшы мамандық иелеріне сұраныс артты.

Павлодар облысында бұл мәселе қалай шешіліп жатыр? Жастарды энергетика саласына тарту үшін қандай жұмыстар атқарылуда? Сондай-ақ Президент Жолдауынан кейін маман даярлау бағытында қандай жаңа шаралар қолға алынбақ?

Павлодар облысы елімізде ірі энергетикалық орталық саналады. Қазақстанда өндірілетін электр энергиясының 40 проценттен астамы осы облысқа тиесілі. Қазіргі таңда энергетика саласын одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар ірі жоба қолға алынған. Атап айтқанда, Екібастұзда №3 мемлекеттік аймақтық  электр станциясын салу, №2 станцияға жаңа энергоблоктар орнату және Ақсу электр станциясын жаңғырту жоспарланған. Сонымен қатар қалалардағы жылу электр орталықтары жаңартылып, Екібастұз маңында жалпы қуаты 1500 мегаватт болатын жел электр станциялары салынады.

Ботагөз Жақыпова, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

- Мемлекет басшысының саясатын іске асыру аясында облыста жаңа энергетикалық нысандар салу, сондай-ақ қолданыстағы энергия нысандарын қайта жаңғырту, жаңарту және олардың қуаттылығын арттыру бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Біздің өңірде өндірілетін электр энергиясының не бары 30 пайызы ғана жергілікті қажеттілікке жұмсалады. Ал қалған бөлігі еліміздің басқа өңірлерін электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталады.

Жаңа  жобалар толық іске қосылғанда, өңірде 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Алдағы уақытта өңірде электр қуатын  өндіру көлемін ұлғайту көзделіп отыр. Өндіріс ауқымды болғандықтан, энергетика саласы мамандарына түсетін жауапкершілік те жоғары. Бұл салаға қажетті кадрларды даярлауға өңірдегі жоғары оқу орындары атсалысып келеді. Студенттер оқу барысында зауыттар мен электр станцияларында тәжірибеден өтеді.

Олжас Тәліпов, Торайғыров университеті энергетика факультетінің деканы:  

- Өңірдегі  энерго кәсіпорындармен, зауыттармен  өзара тығыз  әріптестік орнаған. Әрине, жастардың көзқарасы бөлек. Бізде кәсіби білім алған жастардың бәрі бірдей өндіріске бара бермейді. Дегенмен оқу орнын бітірген түлектердің 90 проценті жұмыспен қамтылады.

Электр энергетикасы факультетінің 4-курс студенті Ерқанат Ертаев дуалды оқыту жүйесін таңдапты. Ол қазір №3 жылу электр орталығында тәжірибеден өтіп, түрлі құрылғыларды сынақтан өткізу жұмыстарымен айналысады. Айтуынша, дуалды оқыту жүйесінің басты артықшылығы – студент  оқу мен жұмысты қатар алып жүреді. Сонымен қатар бұл жүйе мамандық бойынша тәжірибе жинақтап, табыс табуға және оқу бітірген соң тұрақты жұмысқа орналасуға жол ашады.

Ерқанат Ертаев, студент: 

- Дуалды оқыту жүйесі  теориялық білімімді өндіріспен ұштастыруға мүмкіндік береді. Университетті бітірген соң міндетті түрде өз мамандығым бойынша жұмысқа орналасамын. Қазір кәсіби тәжірибе жинап жүрмін. Бұл менің білімімді ары қарай шыңдауға мүмкіндік береді. Тәжірибелі маман атанып, қызметтік мансапты бағындырсам деймін.

Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласындағы білікті мамандар тапшылығы мәселесін көтерді. Бұл ретте басты міндет – жастарға сапалы білім беріп қана қоймай, олардың өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, салада тұрақтап қалуына жағдай жасау. Өйткені энергетиканың дамуы мен еліміздің тұрақты электрмен қамтылуы білікті мамандарға тікелей байланысты.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков

Сондай-ақ оқыңыз: