Қарағандыда жеткіншектер домбыраны тегін үйренеді
Қарағандының Орталық саябағында «Күйге бастар қадам» атты мәдени шара өтіп жатыр. Екі айға жалғасатын жоба қазақтың қастерлі аспабы домбыраны насихаттауға бағытталған.
Саябақ төрінде бой көтерген киіз үйде домбыра үйірмесі тегін жұмыс істейді.
Тоғыз жасар Нұрдия Балташ мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап ұлттық аспаптарға ден қойған. Жеткіншек аз уақыт ішінде республикалық сайыстарға қатысып, жүлдегер атанып үлгеріпті. Саябақта домбыра үйірмесі ашылғанын естіп, оған алғашқылардың бірі боп жазылды. Жас музыкант жазғы уақытын қалт жібермей, шеберлігін шыңдамақ.
Нұрдия Балташ, мектеп оқушысы:
- Маған домбыра ұнайды. Домбырада ойнағанда өте сәнді ән шығады. Мұғаліміміз бізге "Балбырауын" "Көкту", сосын "Терпеңкөк", "Құттықтаймын, мама", "Біз өмірдің гүліміз", "Әже әлдиі" күйлерін үйретті. Домбыра өте жақсы аспап. Онда жақсы күйлер мен әндер ойнауға болады.
Домбыра үйірмесі қаладағы Орталық саябақта орнатылған киіз үйде ұйымдастырылған. Аптасына екі рет өтетін сабаққа 6 жастан 18 жасқа дейінгі жеткіншектер қатыса алады. Ұлттық аспапты меңгеруге ынталы балалар баршылық. Үйірмені тәжірибелі ұстаз Жазира Омарова жүргізеді.
Жазира Омарова, № 2 өнер мектебінің оқытушысы:
- Домбыра - біздің ұлттық қазынамыз ғой, күй арқылы біздің тарихымыз, халқымыздың көңіл -күйін жеткізген, қайғы-мұңын жеткізген. Күй арқылы қазір өсіп келе жатқан балалардың қызығушылығы аспапқа деген, ұлттық құндылыққа деген күннен күнге артып келеді. Ата-аналар қазір балаларының үйде бос отырмауын көп қадағалап, балаларының аспапқа, әртүрлі үйірмелерге беруге тырысады. Соның ішінде көбіне осы домбыраға келеді. Себебі домбыра ол баланың рухын биіктетеді.
Тегін үйірме екі айға жалғасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, музыкамен әуестенудің жас жеткіншектерге берері көп. Аспапта ойнау адамның шығармашылық қабілетін дамытып қоймай, ми жұмысын жақсатруға, көңіл-күйді көтеруге ықпал етеді. Ал ең бастысы – домбыра ұлттық құндылықтарды бойға сіңіретін таптырмас құрал.
Авторлары: Лиана Жамлиханова, Сайран Ақамбаев