Еуропа қазақтары Астана күнін тойлады
Астананың туған күнін әлемнің әр қиырында тойлап жатыр. Еуропадағы қандастарымыз Бельгияның Фландрия өңірінде орналасқан Гент қаласында жиналып, елорда күнін атап өтті.
«Qazaq roots» яғни “Тамыры қазақ” деп аталатын мәдени орталықтың ашылғанына екі ай болды. Мұнда ана-тілінен дәріс береді, салт-дәстүрлерімізді үйретіп, ою-өрнек кестелейді. Тіпті ұлттық фольклорға негізделген қуыршақ театры да өнер көрсетеді. Игі істі ұйымдастыруға Қазақстан, Ресей, Бельгия және Нидерланды елдерінде тұрып жатқан қандастарымыз қолдау білдіріп, демеушілік көрсеткен.
Күнсұлу Бекіш, «Qazaq Roots» қазақ мәдени орталығы жетекшісінің орынбасары:
- Орталығымызға Фландрияның түкпір-түкпірінен қазақ мәдениетіне деген қызығушылығы, сүйіспеншілігі бар адамдар бізге қазақ тілі, қазақ ұлттық билері, қазақ әндері сабақтарына келеді.
Селена Винк, Гент қаласының тұрғыны:
- Бұл жерде маған қазақ тілін үйренуге көмектесіп жатыр. Ел туралы көп мағлұмат береді. Осында келіп жүргеніме қуаныштымын. Қазақстанға үш рет сапарладым. Өскемен, Семей, Астана қалаларында болдым.
Іс-шара барысында қандастарымыз «Қамажай» мен «Қара жорға» билеп, фортепианода қазақ шығармаларын ойнап, туған жерге деген сағынышын басты. Димаш Құдайбергеннің Астанадағы концертінде болған немесе болуды армандайтын шетелдіктер де іс-шараға қатысты. Олар қазақша ән айтып, көпшілікті сүйікті әншісінің шығармашылығымен таныстырды. Жиналғандар Астананы туған күнімен құттықтады.
Хайди Фуруимп, Димаш фан-клубының президенті:
- Маған Қазақстанда болу бақыты әзірге бұйырмады. Алайда Димаштың концерті өтетін болса, міндетті түрде әсем қала Астанаға саяхаттағым келеді.
Тілек Таштемір Қалқан, Нидерландтық қазақ:
- Астанамыздың туған күні құтты болсын! Тағы да биіктей берсін. Көп кісілерді қарсы ала берсін. Үлкен шаһар. Мақтанамыз. Бәріне сәлем айтамыз.