Жаз басталғалы 21 бала суға батып көз жұмды

Оқушылар үшін үш ай жазғы каникулдың бір айы артта қалды. Алайда қызықты демалыстың соңы кейде қайғылы жағдайға соқтырып жатады. Елде шомылу маусымы басталғалы 21 бала суға батып көз жұмды.

Жазатайым оқиғаның дені ата-аналардың баладан көз жазып қалуынан, - дейді мамандар. Аптап ыстықта өзен-көлге асыққан жеткіншектердің басым бөлігі қауіпсіздік талаптарын елемейді. Бұдан бөлек, көлік апатынан зардап шеккендері де жетерлік. Иә, қауіптің алдын алу маңызды. Қайтпек керек?

Жазғы каникулды қауіпсіз өткізудің бір жолы - балалардың уақытын тиімді ұйымдастыру. Биыл елде 200-ден астам сауықтыру орталығы және 10 мыңнан аса мектеп жанындағы лагерь жұмыс істеп тұр. 11 жастағы Аяжан Бурканова демалысын білім ошағының аумағындағы «Атамекен» киіз үй лагерінде өткізіп жүр. Лагерь жұмысы ұлттық құндылықтарды дәріптеумен ұштасқан.

Аяжан Бурканова, оқушы:                    

- Осы жерде көңіл-күйімізді көтеріп, ойын ойнатқызады. Мен алдыңғы айда да болғанмын. Сол жерде достарыммен ойнап, сөйлесіп, бос уақытты өткізуге болады.

Зүлфия Бейсенова, «Атамекен» лагерінің директоры:

- Атамекен киіз үй лагерінің мақсаты - қазақ салт-дәстүрін дәріптеу. Қазақ тілін үйрету. Ұлттық тағамдарын, салауатты өмір салтын насихаттау. Біз сағат 8.30-8.45-те күтіп аламыз. 9.00-9.15-ке дейін таңғы жаттығу жасатамыз. Кейін балалар сабақтарға кіреді. Қазақ тілі сабағы, дене шынықтыру сабағы, психологтар жұмыс істейді. Күндік тақырыпқа байланысты бауырсақ күні болса, бауырсақ пісіруге дайындаламыз.

Биыл 3 миллионнан астам оқушыны сауықтыру шараларымен қамту жоспарланған. Жалпы мемлекет, кәсіподақтар, демеушілер мен ата-аналар қаражатын қоса есептегенде 13 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалады. Ал әлеуметтік осал санаттағы балаларға тегін жолдама қарастырылған. Әр маусым сайын лагерлерде санитарлық талаптардың сақталуы, өрт және төтенше жағдайлар қауіпсіздігі толық тексеріледі.

Алтай Рақымберлин, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті басқармасының басшысы:

- Ведомствоаралық штабтарға Білім басқармаларының, Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің қызметкерлері, Денсаулық сақтау басқармаларының, ТЖД өкілдері кіріп, штабтар құрылып, балалар сауықтыру орталығының алдын ала дайындығын сәуір-мамыр айларында тексерген болатын. Бүгінде 40 мыңнан астам бала демалыстан және сауықтырудан өтті.

Өкініштісі жаз басталғалы 53 адам суға кеткен. Оның жартысына жуығы бала. Бірер күн бұрын ғана Жетісу облысында кәмелетке толмаған 4 бала су айдындарында көз жұмды. Олар қараусыз қалып, рұқсат етілмеген, жабдықталмаған жерде шомылған.

Дидар Қажкенов, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті басқармасының бас маманы:

- Ата-аналарға айтатынымыз, Қазгидрометтің болжауы бойынша қазір ауа-райы қатты өзгеріп жатыр ғой. Күн ысып жатыр. Сондықтан балалар суға түскісі келеді. Ата-ана үйде профилактикалық түрде күнделікті жеке қауіпсіздік жұмыстарын жүргізсе. Одан кейін су айдындарына барған кезде сол жерде балаларды қараусыз қалдырмаған дұрыс.

Биыл жол апатынан да 70-тен астам бала мерт болып, төрт мыңнан астамы түрлі дене жарақатын алған. Жазғы каникул басталғалы қауіп те күшейе түсті. Себебі жеткіншектердің дені самокат, мопед пен велосипед тізгіндеп жүр. қайғылы оқиғалардың басым бөлігі ата-аналардың жауапсыздығынан болады, - дейді мамандар.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

- Егер талдауды айтып, кішкене сандарды сөйлететін болсақ, барлық қаза болған балалардың 60 пайыздан астамы жолаушы ретінде қаза болғандар. Яғни бұл жерде ересектердің тарапынан жіберілетін қателіктің әсері  деп айтуға болады. Себебі көлікте баланы тасымалдау қағидаларын сақтамағандықтан, олардың 60 пайызы жолаушы ретінде қаза болғандар. Ал қалған 40 пайызы жаяу жүргіншілер болып есептеледі.

Жаз - балалар үшін қызыққа толы кезең. Алайда қауіпсіздікке бейжай қараудың салдары орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан құзырлы органдар ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Мейрам Жүніс