Шымкентте жылу жүйелерін роботтар тексереді

Жасанды интеллектке негізделген технология арқылы 5 шақырымдық магистралды құбырға диагностика жасалып, жылыту маусымына дайындық жүргізіледі.

Егер отандық инновация өз тиімділігін дәлелдесе жобаны бүкіл ел аумағында қолдану көзделіп отыр.

Жоба жетекшілерінің айтуынша, жоғары технологиялық роботтың атқаратын қызметі мен мүмкіндігі зор. Лазерлі сканерлер және бейнекамералармен жабдықталған құрылғы құбырдың ішкі жағдайын тексеріп, тозу деңгейін дәлме-дәл анықтайды. Заманауи технология жылу желілеріндегі апаттың алдын алуға септігін тигізеді, - дейді мамандар.

Әзілхан Бапаев, компания директоры:

- Біз талдаудың көмегімен қай учаскені қашан жөндеу керек екенін 5 жылға дейін алдын ала болжай аламыз. Одан кейін құбырға жауапты мамандар шешімді өздері қабылдайды. Жалпы цифрландыру жобасы жөндеу жұмыстарын жоспарлауды қамтамасыз етеді. 

Жасанды интеллектке негізделген жоба металдың жұқарған тұстары мен тот басқан жерлерін тіркейді. Бұрын құбыр бойындағы кем-кетікті білу үшін апталап уақыт кетсе, қазір оны онлайн режимде бақылауға болады.

Енді құбыр бойындағы ақауды жаңа технология миллиметрлік дәлдікпен анықтап береді. Ол үшін жолды жауып, аумақты тұтас қызудың қажеті жоқ. Нәтижесінде жұмыс уақыты қысқарып, бюджет қаржысын да айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік туады.

Жоба энергетика министрлігінің тапсырмасымен былтыр пилоттық режимде  сынақтан өтті. Биыл магистралды 5 шақырым желі тексеріліп, ішкі жай-күйіне талдау жасалады.

Ерболат Мамырхан, Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы:

- Диагностикалаудың нәтижесінде жылу желілерін жөндеу жұмыстарының шығындары 20%-тен 75%-ке азайтамыз деген жоспар бар. Ұлттық жоба негізінде 17 км магистралды осындай үлкен құбырларды жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Аталған диогностикалаудың нәтижесіне сәйкес жөндеу жұмыстарының жоспары нақты бекітілетін болады. 

Өңірде ішкі орамдық және магистральды құбырлардың ұзындығы 838 шақырымға жетеді. Биыл оның 16 шақырымы жөнделеді. Жалпы Ұлттық жоба аясында жылу жүйесінің тозу деңгейін 35%-ға дейін төмендету міндеті тұр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов