Қазақстан екі жаңа халықаралық әуе бағытын іске қосты
Қазақстан Қытай мен Қырғызстан бағыттары бойынша жаңа халықаралық әуе рейстерін іске қосты, деп хабарлайды «24KZ».
Көлік министрлігінің мәліметінше, 26 маусымнан бастап Ақтау – Үрімші бағыты бойынша тұрақты рейстер орындалып келеді. Әуе қатынасы аптасына екі рет – сейсенбі және жұма күндері Airbus A320 әуе кемелерімен жүзеге асырылады.
Сондай-ақ 3 шілдеден бастап Астана – Ыстықкөл бағыты бойынша жаңа тұрақты рейстер ашылды. Бұл бағыттағы рейстер аптасына екі рет – дүйсенбі және жұма күндері орындалады.
Жаңа бағыттарға қазақстандық FlyArystan әуе компаниясы қызмет көрсетеді.
Министрліктің мәліметінше, жаңа халықаралық әуе бағыттарының ашылуы Қазақстанның Қытай және Қырғызстанмен сауда-экономикалық, іскерлік, туристік және гуманитарлық байланыстарын дамытуға, сондай-ақ халықаралық әуе қатынасының қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз