Euronews қазақ тілінде ақпарат таратады
Орталық Азия халықтарының арасынан алғаш рет ана тіліміз медиа желінің қолданысына еніп отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш телеарна директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидті қабылдап, бұл бастаманы құптады әрі өзара тиімді ықпалдастықтың жарқын көрінісі деп атады. Кездесуде корпорациямен ынтымақтастықты кеңейту перспективасы талқыланды. Телеарна 2024 жылы Астанада өңірлік кеңСесін ашқан сәттен бастап, аймақтың саяси, экономикалық және мәдени тыныс-тіршілігі жайында хабар тарата бастады. Euronews жетекшісі қазақстандықтарды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады. Тараптар Мемлекет басшысының Брюссельге жасаған ресми сапарының нәтижелері жөнінде пікір алмасты. Кәрі құрлық сарапшыларының пайымынша, Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған сипатқа ие болды. Әңгімелесу барысында Қазақстанның жетістіктерін халықаралық қоғамдастыққа таныстыруға, мүмкіндік беретін бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылды.