Вице-Президент тіл нормаларын жетілдіру мәселесі бойынша кәсіби қоғамдастық өкілдерімен кездесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында берген тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Вице-Президент Ерлан Қарин кәсіби мамандармен тіл нормаларын жетілдіру мәселесін талқылады, деп хабарлайды 24KZ.
Жиынға Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академиктері, көрнекті тілтанушы ғалымдар, сала мамандары, Құрылтай депутаттары, Үкімет пен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары және зиялы қауым өкілдері қатысты. Кездесу барысында осы саладағы жұмысты ұйымдастыру және үйлестіру, ұсыныстар мен пікірлерді саралап, ережелерді бекіту мәселелері қаралды. Жалпы жоба аясында нормалар мен ережелерге арналған 6 анықтамалықты, 19 негізгі сөздікті, соның ішінде орфографиялық, орфоэпиялық, түсіндірме, грамматикалық, этимологиялық, терминологиялық сөздіктерді әзірлеу жоспарланып отыр. Одан бөлек, 9 академиялық аударма сөздігі дайындалады. Осы еңбектердің барлығы «Қазақ тілінің әмбебап сөздігі» ұлттық цифрлық платформасына жинақталып, баршаға қолжетімді болады.
Ерлан Қарин, ҚР Вице-Президенті:
– Бүгін біз сіздермен қазақ тілінің дамуына қатысты аса маңызды, әрі жауапты ұлттық деңгейдегі мемлекеттік маңызы бар жобаны бастағалы отырмыз. Бұл – шын мәнінде де тарихи сәт. Қазақ тілінің дамуының жаңа деңгейге көтеретін ауқымды реформаға кіріскелі отырмыз. Бізге қазақ тілінің нормативтік жүйелерін негізге келтіріп, оның болашақтағы дамуын қамтамасыз жаңа ғылыми ұйымдастырушылық және технологиялық инфрақұрылым қалыптастыру жүктеліп отыр. Ең алдымен, осындай тарихи маңызы бар оқиғаның ортасында жүріп, ұлтымыз үшін маңызды іспен айналысуға мүмкіндік беріп отырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа өзімнің атымнан және сіздердің атыңыздан шынайы ризашылығымызды білдіріп, алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. Бұл – шын мәнінде бәріміз үшін зор жауапкершілік және мүмкіндік.