Әлемде су тапшылығының жаңа кезеңі басталды

Әлем су тапшылығының жаңа кезеңіне аяқ басты.

БҰҰ сарапшыларының айтуынша, бұл мәселе енді жекелеген елдердің ғана емес, бүкіл адамзаттың ортақ қатеріне айналып барады. Жаңа зерттеуге сәйкес, 2050 жылға қарай 1,6 миллиардтан астам адам ауызсудан таршылық көруі мүмкін.

Әсіресе Азия мен Африка елдері жоғары қауіп аймағында. Мамандар климаттың өзгеруі мен қуаңшылықтың күшеюі су қауіпсіздігіне төнетін қатерді одан әрі арттыратынын ескертеді.

Құрғақшылықтың салдары қазірдің өзінде кәрі құрлық елдерінде айқын байқалады. Жауын-шашынның аздығынан Венгриядағы үшінші ірі көл - Веленце жылдан жылға тартылып барады. Бір кездері толқын ұрып жататын айдынның суы азайып, жағалаулары құрғап қалған. Сарапшылар мұны ұзаққа созылған қуаңшылық қана емес, климаттың өзгеруі мен су саясатын жүргізудегі қателіктерден де деп отыр.

Тибор Хораньи, қоршаған орта мәселелері жөніндегі сарапшы:

- Біз қазір су ресурстарын тиімсіз пайдаланудың, топырақтың құрғауы мен климаттың өзгеруінің салдарын көріп отырмыз. Аптап ыстық жиілеп, құрғақшылық жыл сайын жаңа рекорд жаңартып келеді. Бұл оңай шешілетін мәселе емес. Біздің болжам бойынша алдағы бір ай ішінде көлдегі су деңгейі тағы да төмендейді. Егер жағдай өзгермесе, Веленце көлінің табаны көрініп қалуы ғажап емес. 

Азиядағы ірі егіншілік аймақтарында да жауын-шашын азайып, топырақтағы ылғал деңгейі төмендеген. Сарапшылар мұның салдары алдағы егін науқанында анық сезілуі мүмкін екенін айтады. Алаңдаушылық күшейген сайын азық-түлік бағасы да өсіп келеді. Жыл басынан бері бидай шамамен 20 пайыз көтерілсе, күріш кейінгі бір айда 15 пайызға қымбаттаған. 

Тегух Басуки, шаруа:

- Құрғақшылыққа қарап қол қусырып отыруға болмайды. Біздің негізгі кәсібіміз – егіншілік. Сондықтан жағдайға қарай бейімделуіміз керек. Бұл қиындықты да еңсереміз деп сенемін. 

Жаһанда қуаңшылық пен аптап ыстық күшейген сайын ауызсу мәселесі өзекті бола түсті. Осыған байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қалаларды жаңа климаттық жағдайға бейімдеуге шақырды. Мамандар жасыл аймақтарды көбейтіп, тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге басымдық беру қажет екенін айтады.

Ханс Клюге, ДДСҰ еуропалық аймақтық бюросының директоры:

- Климаттың өзгеруінен әлемнің көп аймағында қуаңшылық пен аптап ыстық жиіледі. Сондықтан қалалар жаңа жағдайға бейімделуі керек. Ол үшін жасыл аймақтарды көбейтіп, халықты таза ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету маңызды.

Бірқатар мемлекет қазірдің өзінде су қорын басқару жүйесін қайта қарап жатыр. Кей елдер жаңбыр суын жинау жобаларын іске қосса, енді бірі ауыл шаруашылығында су үнемдейтін технологияларға көшуді жеделдеткен. Сарапшылар климаттың өзгеруіне бейімделу алдағы жылдардың басты міндеттерінің біріне айналатынын айтады.

Динара Қуандыққызы