Алма импортына тыйым салынады

Ауыл шаруашылығы министрлігі 1 тамыздан бастап 31 желтоқсанға дейін алма импортына тыйым салуды жоспарлап отыр. 

Үшінші елдермен қатар, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден де  импорт тоқтатылады. Алайда транзиттік тасымалға шектеу жоқ. Яғни еліміз арқылы басқа мемлекеттерге өнім жөнелтуге болады. Бұған отандық бағбандар не дейді? Өнім бағасына әсері бола ма? 

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Еңбекшіқазақ ауданындағы бұл шаруашылық өз жұмысын осыдан он жыл бұрын жүз гектар жерге алма көшеттерін егуден бастаған. Қазір содан жыл сайын 4 мың тоннадай өнім алады. Алынған өнімнің 90 пайызы ішкі нарыққа бағытталса, қалған 10 пайызы экспортқа шығарылады.

Шаруашылық жергілікті 20 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтыды. Ал маусымдық жұмыстарға 50 шақты адам тартылады. Қазір мұнда алманы сирету жұмыстары жүріп жатыр. Өсіп шыққан өнімнің артығын қолмен жұлып тастамаса, ағаш күш ала алмайды. Келесі жылы мүлде өнім бермеуі де мүмкін.

Нұрлан Рақымбай, шаруашылықтың коммерциялық директоры;

- Бізде жыл сайын шамамен 3,5-4 мың тонна өнім жиналады. Оны сақтауға арналған сыйымдылығы 4200 тонна болатын қоймамыз бар. Алмалар реттелетін газды ортада (РГС) сақталады. РГС – «реттелетін газды орта» дегенді білдіреді. Бұл технология алманың сапасы мен балғындығын ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді. Қазір шаруашылығымызда алманың жеті сорты өсіріледі.

Алма облыстың брендіне баланған өнім. Өңірде жалпы аумағы 8 мың гектардан астам алма бағы болса, 4279 гектары осы Еңбекшіқазақ ауданында. Соның тең жартысы интенсивті бақ. Аудан шаруалары былтыр 60 мың тонна алма жинаған. «Алма импортына тыйым салынса, біз үшін өте қолайлы болмақ», - дейді жергілікті бағбандар.  

Нұрлан Рақымбай, шаруашылықтың коммерциялық директоры:

- Импортқа тыйым салынуы біз үшін үлкен қолдау болды. Біріншіден, сауда сөрелерінде негізінен Қазақстанда, соның ішінде Алматыда өндірілген алмалар сатылады. Екіншіден, бұл бағаға да оң әсерін тигізеді. Импорттық алмамен бәсекелестік азайғандықтан, біздің өнімнің бағасы негізінен өзіндік құны мен тасымалдау шығындарына ғана байланысты қалыптасады. Жалпы импорттық алманың бағасы жоғарырақ болады. Ал жергілікті өндірілген өнім тұтынушылар үшін қолжетімді әрі тиімді.

Бұл пікірді отандық сарапшылар да қуаттап отыр. Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, енгізілетін тыйым отандық өндірушілерді қолдауға және өнімді тұрақты өткізуді қамтамасыз етуге оң ықпал етеді.

Саят Қамзин, ҚР АШМ департаментінің сыртқы сауда басқармасының басшысы:

- Былтыр елімізде 215 мың тонна отандық алма өндірілді. Бұл ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге жеткілікті көлем. Сондықтан осы отандық өнімді қолайлы әрі әділ бағамен өткізу мақсатында аталған шара қабылданып отыр. Біріншіден, бұл – отандық өнім болғандықтан, тұтынушыға қолайлы бағамен ұсынылады. Оның бағасы импорттық алмадан жоғары деп айтуға болмайды.

Еліміз бойынша жалпы сыйымдылығы 175 мың тонна алма сақтауға арналған 72 қойма бар. Биыл тағы екеуі іске қосылды. Кәсіпкерлердің заманға сай қойма салуға кеткен шығынының бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады. Тыңайтқыш пен тұқым алуға және қарқынды алма бақтарын көбейту бойынша да субсидиялар қарастырылған.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев