Қырғызстаннан бұзылған өнім тасымалданған 

Жыл басынан бері Жамбыл облысына Қырғызстаннан фитосанитарлық талаптарға сай келмейтін өнім өткізуге қатысты 45 дерек анықталды. 

Тексеру барысында көрші елден әкелінген 800 келі қара өріктен комсток құрты, ал 1,4 тонна шиеден азиялық жеміс шыбыны табылды. Карантиндік зиянкес жайлаған өнім Қырғыз еліне кері қайтарылды. Ал заң бұзған тасымалдаушыларға 5,5 млн теңге айыппұл салынды. Мұндай жағдай өңірде былтыр да болды. Ол кезде жеті жүк көлігінен 5,5 тонна бүлінген шие анықталды. Жалпы 2025 жылы өткізу бекеттерінде 153 заңбұзушылық тіркеліп, санитарлық ережені сақтамағандарға 12 млн теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ 2 мың тонна жүк тиелген 153 автокөлік шекарадан шығарылды.

Нұрби Жігітеко, облыстық аумақтық инспекциясының басшысы:

- Қараған кезде инспекторда күмән немесе қауіп туындайтын жағдайлар болса, бізде өз зертханамыз бар. Сол зертханаға өнімнен үлгілер алынып, сараптамаға тапсырылады. Зерттеу нәтижесінде қандай да бір карантиндік нысан анықталса, өнім кері қайтарылады. Біздің ең басты мақсатымыз – карантинге жататын өнімдерді тексеру, бөтен текті зиянкестердің, аурулардың және арамшөптердің елімізге кіріп кетуіне жол бермеу. Бұл – фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жұмыс.