Балық қорын сақтауда бақылау күшейе түсті
Биыл алғашқы бес айдың өзінде үш мыңға жуық құқықбұзушылық анықталып, заңды белден басқандар 55 млн теңгеге жуық айыппұлға ілікті.
Нәтижесінде 15 тоннадан астам балық тәркіленді. Сондай-ақ заңбұзушылықтың алдын алу үшін жыл сайын Жайық-Каспий су айдындарында Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мамандарымен бірлесе «Бекіре» кең ауқымды балықты қорғау акциясын өткізіп келеді. Ал Каспий итбалығын қорғау мақсатында осыдан екі жыл бұрын «Каспий итбалығы» табиғи резерваты құрылып, бүгінгі күнге дейін оны кеңейту және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып отыр. Сол сияқты теңізде сирек кездесетін бекіре тұқымдас балықтардың қорын молайту үшін Атырау бекіре балық өсіру зауытын жаңғырту жұмыстары «Жаңаталап» және «Еркінқала» учаскелерінде жүзеге асып жатыр. Балық шаруашылығы комитеті өкілінің сөзінше, бұл зауыттың өндірістік қуаттылығын арттырып қана қоймай, шабақтардың санын 5 миллионнан 7 жарым миллион данаға дейін жеткізуге мүмкіндік бермек.
Серік Сермағамбетов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі балық шаруашылығы комитетінің төрағасы:
- Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы 2028 жылға қарай балық өсіру көлемі 2 жарым есеге артады, 820 қосымша жұмыс орны құрылады. 2029 жылға қарай кәсіптік балық аулау көлемі 100 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Үшінші, үш балық өсіру питомнигінің жаңғырту мен құрылыс жұмыстары 2028 жылға қарай шығарылатын шабақ санын 18 млн-нан 85 млн-ға дейін арттыруға ықпал етеді.