ШҚО-дағы екі елді мекен туристік әлеуеті зор ауыл деп танылды
Шығыс аймақтағы Берел және Коробиха ауылдық округтері биыл туристік ауылдардың үздік бестігіне енді.
Тұмса табиғатымен ерекшеленген елді мекендер Қатон-Қарағай ауданында орналасқан. Кейінгі жылдары жергілікті билік ауыл туризмін дамытуға ден қойды. Мысалы, Риддер қаласының маңындағы Поперечный ауылы былтыр үздік атанды. Қазір экотуризмнің ошағына айналып, туристерді қонақжайлығымен таңқалдырып отыр.
Риддерден 30 шақырым жердегі Поперечный ауылының іргетасы екі ғасыр бұрын қаланған. Елді мекеннің байырғы тұрғындары ауылда қалыптасқан ескі дәстүрлерді әлі ұстанады. Ұрпақтар сабақтастағы үзілмеген. Тұмса табиғатқа деген қамқорлық ерекше. Ауылдықтардың қолынан шыққан табиғи өнімдерді Поперечныйдың бренді деуге болады. Саңырауқұлақ теріп, балқарағай жаңғағын жинау демалуға келгендерге күш береді, дейді Роман Феодоров. Өзі де демалыс ұйымдастырумен айналысады.
Роман Феодоров, ауыл тұрғыны:
- Туристер бақшаға кіріп жеміс-жидек, көкөністерді өз қолымен үзіп, теріп жей алады. Өз бетінше тамақ дайындауға болады. Бұл іс-әрекеттің бәрі адамға қуат береді.
Мұнда қонақтар қаласа арамшөп жұлып, құстарға жем беріп, тіпті нан пісіруді де үйренеді.
Роман әсіресе өз қолымен жасаған ірімшікпен ерекше мақтанады. Ол сүт өнімінің 20-дан астам түрін әзірлей алады. Тіпті жаңа түрлерін ойлап тауып, сынап көруден жалыққан емес.Осы шеберлігін байқаған таныстары оны қаладағы мейрамханаларға жұмысқа да шақырыпты. Алайда ауылын қимаған азамат бұл ұсыныстан бас тартқан.
Роман Феодоров, ауыл тұрғыны:
- Ірімшікке түрлі дәм қосуға болады. Мысалы, мынау «качота» ірімшігі. Оны ыстық каркадэ ерітіндісіне салып, жарты сағат ұстадық. Нәтижесінде күлгін түсті ерекше ірімшік шықты.
Ол туған өлкесінің ауыл туризмінің ошағына айналғанына қуанышты. Дегенмен, елді мекеннің әлеуеті бұдан да жоғары дейді. Туризмді дамыту үшін 20 шақырым жердегі Ресеймен арадағы жол қатынасын жаңғырту қажет. Алайда жол-құрылыс жобасы біраз жылдан бері іске асырылмай жатыр.
Думан Рахметқалиев, Риддер қаласының әкімі:
- Бұл жол Риддердің болашағы үшін қажет. Себебі біздің қала қазір тұйықта тұр. Егер жол ашылып, транзиттік аймаққа айналсақ, тауар айналымы артады, сөйтіп, инфляцияны ауыздықтау әлдеқайда жеңілдейді. Туристер ағыны да көбейер еді.
Әзірге мұнда Өскемен арқылы жетуге болады. Десе де, Поперечный ауылының тұрғындары кедергілерге қарамастан туризмді барынша дамытып отыр. Мұнда тіпті Германия, Франция, Португалия, Испания, Норвегиядан әдейілеп келетін саяхатшы көп.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов