Алматыда республикалық волонтерлер форумы басталды

Ауқымды шара Төтенше жағдайлар министрлігінің «Алатау» жедел мақсаттағы оңтүстік базасында өтіп жатыр.

Форумға Қазақстанның әр өңірінен 100-ден аса азаматтық сала маманы келді. Негізгі мақсат – еріктілерді табиғи және техногендік сипаттағы түрлі төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет етуге даярлау. Далалық тәжірибелік сабақтар жарыс форматында ұйымдастырылды. Қатысушылар 20 командаға бөлініп, арнайы әзірленген кедергі жолағынан өтеді. Алдымен еріктілер жол-көлік оқиғасы кезінде зардап шеккен адамдарды құтқару тәсілдерін көрсетеді. Одан кейін іздестіру-құтқару жұмыстары барысында шартты су кедергісінен өтеді. Ал соңғы кезеңде өрт сөндіру жұмыстарына қатысады. 

Айтқали Байтүгелов, Атырау облысы ТЖД бас маманы:

- Мобильді топтар құрылды. Төтенше жағдайлар министрлігінің тапсырмасымен. Сонымен қатар 2024 жылы барлықтарыңызға белгілі, су тасқынының кезінде біздерге волонтерлердің үлкен көмегі тиді. Халықпен бірге, елмен бірге осылай ТЖМ қызметкерлеріне белсене көмектесті. Сонымен қатар Абай облысындағы орман, яғни дала өртіне волонтерлердің үлкен көмектері тиді. Біздің құтқарушыларға жоғары деңгейде көмектесті.