Ана мен баланы қолдау: әлемдік тәжірибе

Демографиялық ахуал бүгінде көптеген мемлекет үшін өзекті мәселеге айналды. БҰҰ болжамына сәйкес, 2100 жылға қарай әлемнің 23 елінде халық саны екі есеге дейін қысқаруы мүмкін.

Оның басты себептерінің бірі - туу көрсеткішінің төмендеуі. Әсіресе Күншығыс елі мен Оңтүстік Корея бұл мәселемен бетпе-бет келіп отыр.

Сондықтан көптеген мемлекет жас отбасыларды қолдауды күшейтіп, бала тәрбиесіне арналған түрлі бағдарламаларды іске қосты. Бірі қомақты жәрдемақы төлесе, енді бірі ана мен балаға медициналық әрі әлеуметтік қолдау көрсетеді. Әлем елдері бұл бағытта қандай тәжірибені қолданады?

Оңтүстік Корея кейінгі жылдары бала туу көрсеткіші ең төмен елдердің біріне айналды. Сондықтан үкімет жас отбасыларды қолдауды мемлекеттік саясаттың басым бағыты етіп отыр. Бала дүниеге келген кезде отбасыға 2 миллион вон көлемінде біржолғы төлем беріледі. Бір жасқа дейінгі балаларға ай сайын 1 миллион вон жәрдемақы төленеді. Босанған аналарға үйде күтім көрсететін мамандардың қызметі субсидияланады. Ал балалардың дамуы ұлттық скрининг бағдарламасы арқылы тұрақты бақылауға алынады. Егер қандай да бір даму ерекшелігі анықталса, бала бірден арнайы мамандардың қарауына жіберіледі.

Финляндияда балаға көрсетілетін қолдау сәби дүниеге келмей тұрып басталады. Болашақ ата-аналар жүктілік кезінде тұрақты медициналық бақылаудан өтеді. Cәби дүниеге келер алдында әр отбасыға "Baby Box", яғни нәрестеге арналған алғашқы қажетті заттар қорабы беріледі. Оның ішінде киім-кешек, жөргек, төсек-жабдықтары, күтім құралдары сияқты 60-тан астам бұйым бар. Қорапшаның орнына 170 еуро көлеміндегі ақшалай төлем алуға болады. Сонымен қатар мемлекет балаға ай сайын жәрдемақы төлеп тұрады. Мұндай қолдау баланың өмірінің алғашқы күнінен бастап қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Жапонияда медициналық қызметкерлер жас аналардың үйіне барып, сәби күтімі мен алғашқы даму кезеңі бойынша кеңес береді. Бұдан бөлек, мемлекет бала дүниеге келген әр отбасыға 500 мың иен көлемінде бір реттік жәрдемақы төлейді. Ата-ана ай сайын сәби жәрдемақысын алып, ақылы бала күтімі демалысын пайдалана алады. Бұл шаралар отбасының қаржылық жүктемесін азайтып, балаға алғашқы айларда сапалы күтім жасауға мүмкіндік береді.

АҚШ-та ана мен балаға қолдау көбіне медициналық сақтандыру, штаттық бағдарламалар және табысы төмен отбасыларға арналған әлеуметтік қызметтер арқылы көрсетіледі. Елде ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндерді ерте жастан анықтауға басымдық беріледі. Егер баланың сөйлеуінде, қимыл-қозғалысында немесе мінез-құлқында кешеуілдеу байқалса, ол арнайы ерте қолдау бағдарламасына жіберіледі. Мұндай жағдайда логопед, психолог, физиотерапевт және басқа мамандар баламен жеке жұмыс істейді. Қызметтің бір бөлігі мемлекет қаржысы немесе медициналық сақтандыру арқылы өтеледі. Ал табысы төмен отбасылардың балаларына ерте білім беру, тамақтану, медициналық тексеріс және ата-аналарға кеңес беру қызметтері ұсынылады.

Авторы: Динара Орынтай