Түркістан облысында қайтарылған активтер ел игілігіне жұмсалады

Түркістан облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен кейінгі екі жылда 30 нысан салынды. Бөлінген қаражат 26 миллиард теңгеден асады. 

Алғашқы әлеуметтік жоба былтыр Темірлан ауылында бой көтерді. 300 оқушыға арналған музыка мектебі қазір өнерлі өрендердің шығармашылық орталығына айналған.

Бұған дейін Темірлан ауылының 400-ге жуық оқушысы жарты ғасыр бұрын салынған музыка мектебінде оқып келді. Енді жаңа өнер мектебі былтыр 8 ай ішінде салынды. Жобаға 890 млн теңге жұмсалды.

Азат Оралбаев, Ордабасы ауданының әкімі:

- Мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен Бас Прокуратураның қолдауымен былтырғы жылы сәуір айында құрылыс жұмыстары басталды. Желтоқсан айында халықтың қатысуымен ашылу салтанатын жасап, пайдалануға берілді.

Жаңа өнер мектебінде 150 орындық акт залы, кітапхана, дыбыс жазу студиясы бар. Одан бөлек, 400-ге жуық өрен домбыра, қобыз, фортепиано және басқа да 12 түрлі музыкалық аспапты үйретеді.

Айзере Алмасхан, өнер мектебінің оқушысы:

- Мен көптеген байқауға қатысып, жүлделі орындар алдым. Соңғы рет Түркияның Анталия қаласында өткен «Дарын-шабыт» атты конкурсында бас жүлде алдым. Осы жаңа ғимарат салынғанына мен өте қуаныштымын.

Мамандар қайтарылған активтер есебінен салынған нысандар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға үлес қосып жатқанын айтады.

Ердос Әріпбай, Ордабасы ауданы прокуратурасының прокуроры:

- 30 нысанның құрылысына екі жыл ішінде 26,4 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 27 нысанның құрылысы толық аяқталып, қабылдауға берілді. Қазіргі таңда 3 нысан бойынша құрылыс жұмыстары жалғасуда. Аталған нысандарды аяқтап, алдағы уақытта пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Елде заңсыз активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасады. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай қаражатқа жүздеген әлеуметтік нысан салынып, жаңғыртылады. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш