Елде 26 млн га табиғи жайылым тозып жатыр
Жер астындағы қазынаны пайдаға жарату туралы айттық. Ендігі мәселе – жердің үстін тиімді пайдалану. Елде 26 млн гектардан аса табиғи жайылым тозған.
Бұл әрине өзекті тақырып. Тіпті азық-түлік қауіпсіздігіне де салдары тиюі мүмкін. Біріккен ұлттар ұйымына қарасты Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының өкілдері түйткілді кешенді түрде шешу керек дейді. Осы орайда ауыл шаруашылығы және экология министрліктерінің бірлесе жұмыс істегені маңызды.
Қытай, АҚШ, Австралия, Бразилия және Ресей. Жайылым көлемі бойынша көш басындағы елдер бұл. Тізімді Қазақстан жалғайды. Бірақ кейінгі жылдары жайылым сапасы сын көтермей тұр. 183 млн гектар алқаптың 26 млн-нан астамы деградацияға ұшыраған. Әсіресе батыс және оңтүстік өңірлердегі жағдай мүшкіл. Мамандар жауын-шашынның аз түсуі мен топырақтың тозуы мәселені күрделендіргенін айтады.
Алёна Кошкина, Биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылыми қызметкері:
- Біз шөптің азайғанын байқап алаңдап жатырмыз. Бірақ жайылым тозғанда жер астында одан да күрделі процесс жүріп жатады. Жер астындағы тіршілік деградацияға ұшыраса, оны қалпына келтіру оңай болмайды. Ондаған жыл уақыт және қыруар қаржы керек болады.
Әдетте ауыл маңындағы жайылымдар тез тозады. Оған климаттық өзгерістер ғана себеп емес. Жекенің қолындағы көп тапталған немесе бос жатқан топырақ құнарынан айырылады. Оны дер кезінде анықтап, қалпына келтіру маңызды. Әрі бұл ауыл шаруашылығы және табиғатты қорғау саласының ортақ міндеті. Бірге қабылданған шешім тиімді болса, БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы қаржылай қолдау көрсетуге дайын. Ұқсас тәжірибе Моңғолияда сәтті жүзеге асқан.
Жаңыл Бозаева, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бағдарлама үйлестірушісі:
- Жайылым жерлердің жоспарын жасаған кезде геоботаникаға қарау керек. Жоспар жай ғана қағаз, бірақ сіз малды бір жерге жіберіп отырсаңыз, ол гектар жер малдың ағзасына керек құнарлы заттарға толы болу керек. Азық-түлік шөптері бар ма, құнары жете ме? Мал семіз бола ала ма? Біздің Моңғолияда жобамыз бар. Жоба жасаған кезде 2 министрлікпен жұмыс істегенбіз. Жайылым жоспарының ішіне геоботаниканы, табиғаттағы экосистеманы және құстарды қостық.
Астанада ғылыми қызметкерлер, ауыл шаруашылығы және экология министрліктерінің өкілдері бас қосып, жайылым жайын сөз етті. Елде тиісті заң бар, түйткілдерді тағы жүйелеп, құжатқа өзгеріс енгізу керек. Өйткені жайылым – топырақ қана емес, оның экожүйесін түгел ескеру маңызды.
Әлішер Байсейітов, ҚР АШМ Топырақ ресурстары және климатқа төзімді ауыл шаруашылығын дамыту басқармасының басшысы:
- Климаттың өзгеруі, жердің тозуы, сортаңдану, эрозия және өнімділіктің төмендеуі табиғи эко жүйенің нашарлауына әкеледі. Бұл азық-түлік қауіпсіздігіне де зарарын тигізеді. Сол себепті табиғи ресурсты сақтау мемлекеттік экология және ауыл шаруашылығы саясатының негізі болып саналады. Қазақстанда 117 млн ауыл шаруашылығы жері бар. Оның 26,5 млн гектары егістік және 83,9 млн га жайылым. Оларды сақтау бойынша министрліктің арнайы жоспары бар. Жаңа технологиялар да қолданылады.
Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты 53 млн гектар аумақты зерделеді. Оның 2,7 млн гектары деградацияға немесе эрозияға ұшырағаны белгілі болды. Қазір мамандар қалпына келтіру бойынша нақты ғылыми шешім іздеп жатыр.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Арман Ақшабаев