Әлеуметтік көмір арзанға сатылады

«Қыс шанаңды жаз сайла». Өскеменде қазірден бастап әлеуметтік көмір арзан бағамен саудаға шығарылды. Жергілікті билік отынды тамызға дейін алуға кеңес береді.

Себебі одан кейін нарықтағы баға өсуі мүмкін. Жалпы биыл Шығыс Қазақстан облысындағы жылу электр орталығына 2,5 миллион тонна отын  қажет. Қысқы отынды қазірден қамдаудың қандай артықшылығы бар?

Өскеменнің көмір қоймаларындағы қазіргі жағдай  осындай. Тұрғындар кезек күтпей- ақ, отынды  қажетінше артып алып жатыр. Жеткізу үшін де  жеңілдік бар. Бірақ алдағы айдан бастап көмір мен тасымал бағасы күрт қымбаттауы мүмкін. Бағаны тұрақтандыру мақсатында мамандар тұрғындарға әлеуметтік көмірді тезірек алуды ұсынады. Қалалық аумақтық басқару орталығы филиалының қызметкерлері зейнеткерлерге  хабарласып, жағдайды бақылап отыр.

Жалпы облыс тұрғындары жылыту маусымында 451 мың тонна қара отын пайдаланады.  Қазір соның 18 пайызы дайындалды.

Самат Дайыров, Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:

 – Жылыту маусымы жақындағанда көмірге деген сұраныс артады. Сәйкесінше баға да көтеріліп кетеді. Сондықтан біз осы мәселелердің алдын алу мақсатында тұрғындарды қазірден бастап қажетті қара отынмен қамтамасыз етіп жатырмыз.

Зейнеткер Татьяна Герасимова 100 мың теңгеге 6 тонна көмір сатып алды. Бағасы тиімді, – дейді.

Татьяна Герасимова, Өскемен қаласының тұрғыны:

– Қаржы жинаған соң бірден көмір алдым. Алты тонна көмір қыстан қысылмай шығуға жетеді.

Қазір өңірдегі барлық әлеуметтік нысаға қажетті көмір қоры жеткізілді. Қаражатты үнемдеу мақсатында мемлекеттік кәсіпорындар қатты отын жеткізуге уақытылы шарттар жасасқан.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Вячеслав Ветлугин и Дмитрий Пыхтин