Ауылға онлайн дәрігерлік көмек көрсетіледі

Қарағанды облысының 200 мыңнан астам ауыл тұрғыны облыс орталығындағы дәрігерлерден онлайн кеңес ала алады. Өңірде телемедицина жүйесін дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.

Пилоттық жобаның сәтті іске асырылуынан кейін онлайн кеңес беру жүйесі барлық аудандарда кезең-кезеңімен енгізілуде.

Балқаш қаласының тұрғыны Ескендір Ыбыраев зауытта жұмыс істейді. Өндірісте жүріп науқастанған. Оның тыныс алу жолдары қабынып, бронхитке шалдыққан. Сырқаты маза бермеген соң  облыстық кеңестік-диагностикалық орталық мамандарына қаралуға келіпті.

Ескендір Ыбыраев, Балқаш қаласының тұрғыны:

- Дәрігердің қабылдауында болғанда маған енді онлайн қызмет алуыма болатынын айтты. Біз секілді шалғайдан келетін адамдар үшін бұл телемедицина жүйесі өте тиімді. Тиісті құжаттарымыздың алдын ала көшірмесін жіберіп, айтқан күні жергілікті медициналық мекеме базасынан дәрігермен байланысқа шығасың. Бұрынғыдай арнайы келіп, жолға, үй жалдап тұруға шығынданбайсың.

Пилоттық жоба облыста алғаш рет Шет ауданында бір жыл бойы сынақтан өтіп, 2292 диагностикалық қызмет көрсетілген. Қазір сандық жүйемен 117 медициналық ұйым қамтылыпты. Олардың қатарында шалғай ауылдардағы фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар бар.

Ләззат Шоланова, Кеңестік-диагностикалық орталықтың меңгерушісі:

- Бұл бастама ауылдық медициналық пунктерден бастап, аудандық медициналық мекемелерді қамтуға бағытталған. Ауыл тұрғындарына тек облыстық клиникалық аурухананың ғана емес, аймақтық орталық медициналық емханалардың онкологтарымен, кардиология, жүрек хирургия бойынша және басқа да мамандармен кеңесу мүмкіндігі бар.

Облыстың 200 мыңдай тұрғыны ауылда тұрады. 172 мыңға жуық адам тұрғылықты жері бойынша онлайн кеңес ала алады. Қалған 28 мыңнан астам ауыл тұрғыны  телемедициналық жабдық орнатылмаған елді мекендерде тұратындықтан, оларға жақын жердегі медициналық мекемелер арқылы қызмет көрсетіледі.  Жобаның тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттердің 178 медицина қызметкері арнайы оқу курсынан өткен.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит