Ақмола облысында демалыс күндері бес адам суға кетті
Барлығы да шомылуға тыйым салынған орындарда суға түскен.
Құтқарушылардың айтуынша, өзен-көлдердің жағасына демалауға келетіндер қауіпсіздік шараларын ескермейді. Одан бөлек, жекенің меншігіндегі кей жағажай талапқа сай жабдықталмаған. Ескерту белгілері мен құтқару құралдары жоқ.
Қопа көлі – Көкшетаудағы танымал демалыс орындарының бірі. Дегенмен жағалаудың кей жерлерінде шомылуға тыйым салынған. Ережені елемеудің соңы қайғылы жағдайға душар етеді. Мәселен, өткен демалыс күні көлге ер адам батып кетті. Оқыс оқиғадан кейін ғана, арнайы белгілер мен жүзбелі қоршаулар орнатылған. Қала әкімдігі жағалауды күтіп-ұстау мен қауіпсіздікке жерді жалға алған кәсіпкер жауапты екенін айтады.
Мұрат Ғабдуллин, Көкшетау қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы міндетін атқарушы:
- Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырыстарында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бұл жағажайды абаттандыру, құтқару кеудешелерімен және басқа да қажетті заттармен жабдықтау туралы «Гранд Бурабай» серіктестігіне бірнеше рет тапсырма берілген болатын. Алайда бұл тапсырма еленбеді. Енді қалалық ТЖД өкілдері, ТҮКШ бөлімі өкілдерінің қатысуымен комиссиялық тексеріс жүргізу жоспарланып отыр. Онда нақты ұсыныстар мен тапсырмалар берілетін болады.
Өткен демалыс күндері өңірдегі су қоймаларында тағы төрт адам суға кетті. Оның 3-уі кәмелет жасына толмағандар. Барлық қайғылы оқиға арнайы жабдықталмаған жағажайларда болған.
Ерсайын Қойшыбаев, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі:
– Сонымен қатар адам өлімі Целиноград, Астрахан және Аршалы аудандарында орын алды. Астрахань ауданында суға кеткен адамның денесін іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Одан бөлек, шомылу маусымы басталғалы барлығы 15 адамның қаза болу дерегі тіркелді, оның ішінде екі бала бар.
Жыл басынан бері құтқарушылар облыстағы су қоймаларында мыңнан астам рейд пен профилактикалық іс-шара өткізді. Нәтижесінде қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 200-ден астам әкімшілік жауапкершілікке тартылыды.
Талғат Айтбаев, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының бастығы:
- Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері күн сайын су қоймаларында тұрақты түрде рейдтік-профилактикалық іс-шаралар жүргізеді. Рейд барысында патрульдер жағаны бақылап, кәмелетке толмағандармен әңгімелеседі. Өйткені үлкендердің қарауынсыз балалардың шомылуына тыйым салынған.
Облыс аумағында 700-ден астам су қоймасы бар. Былтыр ТЖД қызметкерлері соның 104-ін зерттеп, тек 68 су қоймасын демалысқа жарамды деп таныған. Ал шомылуға тек 16 арнайы жабдықталған орында ресми түрде рұқсат берілген.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Арайлым Шытырымбек, Виктор Полянный