Астана мен Ақмола облысында көктайғақ болуы мүмкін: жүргізушілерге ескерту жасалды
Бүгін Астана қаласы мен Ақмола облысында кешкі уақытта көктайғақ болуы ықтимал. Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жүргізушілерді республикалық маңызы бар автожолдарда сақ болуға шақырды, деп хабарлайды «24KZ».
Компанияның мәліметінше, күндіз ауа температурасы нөлден жоғары болғанымен, кешке қарай күн суытып, жол бетінде мұз қатуы мүмкін.
Осыған орай жүргізушілерге жылдамдықты төмендетіп, көліктер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтау ұсынылады. Сондай-ақ күрт тежелуден, жолақты оқыс ауыстырудан және орынсыз басып озудан аулақ болған жөн.
«ҚазАвтоЖол» мамандары көлігіне қысқы дөңгелек орнатпаған жүргізушілерге қала сыртына шықпауға кеңес береді. Әсіресе көпірлерде, жол өткелдерінде, өрлер мен еңістерде мұз қату қаупі жоғары.
Жолға шығар алдында ауа райы болжамы мен бағыттағы жол жағдайын тексеру қажет.
Республикалық маңызы бар автожолдардың жай-күйі туралы ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс орталығынан алуға болады.