754 шақырым жаңа темір жол салынады

Елде жаңадан 754 шақырым теміржол желілері салынып, 3 мың шақырым шойын жол жөнделеді.

Осылайша саладағы өткізу қабілетін айтарлықтай арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, биыл «Мойынты-Қызылжар», «Дарбаза-Мақтаарал» бағыттарының құрылысы аяқталады. Одан бөлек бірқатар жаңа жоба жүзеге асады. Оның ішінде Астана-Қарағанды бағытында үшінші жол және Арыс-Қазалы учаскесінде екінші жол құрылысы бар. Оған қоса Қызылжар-Шұбаркөл-Есіл және Индербор-Мақат бағыттарын жаңғырту жоспарланған. Айта кетейік, соңғы 5 жылда көлік саласының жалпы өнімі 3 есе өсті. Биыл бұл көрсеткішті 14 трлн теңгеден асыру мақсаты қойылды.