Атыраудағы қанды қылмыс: С. Сәрсемәлиевке сот үкімі шықты
Бір отбасының төрт мүшесін өлтірген Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Үкімді қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема Хамидуллина оқыды.
Бүгін 15:00-де Атыраудағы қанды қылмысқа қатысы бар Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісіне нүкте қойылды. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Зарема Хамидуллина үкімді оқыды. Сұлтан Сәрсемәлиевке өмір бойына бас бостардығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол төтенше қауіпсіз ұстау мекемесінде жазасын өтейді. Жәбірленуші тараптың пайдасына 40 млн теңге моральдық талапақы төлеу міндеттелді. Оны өтеуге 2 ай уақыт берілді.
Зарема Хамидуллина, судья:
- Қылмыстардың жиынтығы бойынша Сұлтан Самиғоллаұлы Сәрсемәлиевке түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жаза өтеу орны Сұлтан Самиғоллаұлы Сәрсемәлиевке қылмыстық атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесі белгіленсін. Сәрсемәлиевке қолданылған күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылсын. Жаза өтеу мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептелсін.
Бұдан бөлек, сотталушының кәмелетке толмаған балаларын орналастыру, оларға қамқоршылық алу мәселесін жауапты мекеме, яғни облыстық білім басқармасы шешеді. Ал жәбірленушілердің иесіз қалған үйін мұрагерлік алған адамға беру мәселесі Қызылқоға аудандық әкімдігіне жүктелді. Сотталушы тарап 15 күн ішінде аппеляциялық шағым түсіре алады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин