Павлодарлық кәсіпкерлердің заңсыз әрекеті анықталды
Павлодар облысының табиғат қорғау прокуратурасы кәсіпкерлердің заңсыз әрекетін анықтады. Жағажай иелері ортақ пайдаланылатын су айдындарының аумағын қоршап, күзет қойған.
Келушілерден кіру ақысын алған. Ал бұл Су кодексінің талаптарына қайшы. Тұрғындардың шағымынан кейін жүргізілген тексеру нәтижесінде жағажайларда қауіпсіздік талаптарының да өрескел бұзылғаны белгілі болды. Балалар шомылатын арнайы орын қарастырылмаған. Сондай-ақ қажетті дәрі-дәрмекпен жабдықталған алғашқы медициналық көмек көрсету бекеті мен кезекші медицина қызметкерлері болмаған. Кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Енді Шаңдақсор мен Маралды көлдеріне тұрғындар тегін кіре алады.
Алмас Әбішев, Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры:
- Осы іске қатысты прокурорлық қадағалау актілері енгізілді. Соның нәтижесінде металл қоршаулар алынып, аумаққа кіру ақысы жойылды. Ақы тек көрсетілетін қызмет үшін ғана төленеді. Кінәлі тұлғалар әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Енді тұрғындар су айдындарына еш кедергісіз бара алады.