СҚО-да 14 білім беру нысаны жөнделеді

Солтүстік Қазақстан облысында жаңа оқу жылына дейін 14 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтеді. Оның барлығы ауылдық жерлерде  орналасқан.

Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен екі жарым миллиард теңге бөлінді. Соколов ауылындағы орта мектеп 1964 жылы салынған. Содан бері терезелері ғана ауыстырылған ғимаратта бірде-бір күрделі жөндеу көрмеген. Биыл облыс бюджетінен 200 млн-нан аса теңге бөлініп, көптен күткен жұмыс басталды. 

Биыл ауыл мектебінің шатыры да толық ауыстырылады. «Бұған дейін әбден ескірген төбеден кабинеттерге су ағатын»,-дейді тұрғындар. Қазір жұмысшылар әр ашық күнді пайдаланып, оны жаңбырға тигізбей жауып тастауға тырысып жатыр. Күрделі жөндеу жобасы екі жылға жоспарланған. Биыл мектептің шатырымен қатар жылыту жүйесі толық жаңартылады. Кіреберіс аймағы мен спорт залы да жаңа кейіпке енеді. 

Гүлшат Сыздықова, мектеп директоры:

- Әсіресе спорт залдың жөнделетініне өте қуаныштымыз. Біздің мектепте 260 оқушы білім алады. Олардың дені спортпен шұғылданады. Үстел теннисі, баскетбол, ауыр атлетика, армреслинг үйрмелері бар. Барлық жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Оны өзіміз де қадағалап отырмыз.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 14 блім беру нысаны күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарланған. Оған облыстық бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінген. 

Әсел Оразбаева, Білім басқармасының баспасөз хатшысы:

- 4 білім беру нысанында бүгінге дейін жұмыстар аяқталды. Қалғандарында бектіліген тізімге сәйкес жүргізіліп келеді. Жұмыстардың барлығы оқу жылы басталғанға дейін аяқталуы тиіс.

Өңірде 444 мектеп бар. Қазір білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Олар ағымдағы жөндеумен қамтылады. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков