Алматылық экобелсенділер 26 тонна қоқыс жинады

Алматылық экобелсенділер 4 жылдың ішінде таудан 26 тонна қоқыс жинаған. Топ жетекшісі - Тимур Хасенов. Ол қаладағы компаниялардың бірінде менеджер болып жұмыс істейді. 

Тимур әр сенбі сайын тауға шығады. Бірақ ол тек серуендеп қайтпайды. Оған қоса, жүрген жерінде қоқыс жинайды. Бұл әдетінен жаңылған емес. Алғашында жалғыз өзі бастаған. Кейін қатарына өзі сияқты табиғат жанашырлары қосылды. Қазір қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын ерікті жандардың саны көбейіп келеді.

Тимур Хасенов күн сайын таңертең жұмысқа жиналғанда қолғап, қысқыш пен қоқыс салатын пакеттерді бірге ала шығады. Кеңсесіне дейін 20 минут жаяу жүріп барады. Сол уақытта ол екі пакетті қоқысқа толтырып үлгереді. Көбіне жолында  сусынның босаған ыдыстары, целлофан мен тәттілердің қабы жатады. Бүгін тіпті біреу ағаштың түбіне тамақ қалдығын тастап кетіпті. Тимур оны арнайы құрылғы көмегімен жинап алды.

Тимур Хасенов, экобелсенді:

- Біз бұл гаджетті сегіз ай бұрын алдық. Бұрын мұндай қалдықты қолмен жинайтынбыз. Мына құрылғы өте ыңғайлы. Екіге бүктеледі. Сөмкеге оңай сияды. Бастысы қоқысты қолмен ұстамайсыз. Онымен кез келген нәрсені жинауға болады. Тастап кеткен майлықты, темекі тұқылын жинап алуға ыңғайлы.

Тимур жұмыс күндері қала көшелерін тазалауға атсалысса сенбі сайын тауға барады. Дәл сол жерде оған экобелсенділер қосылады. Ол көбіне барлық қажетті заттарды өз ақшасына сатып алып, қоқыс жинауға келгендердің бәріне үлестіріп береді. Оның экологиялық қозғалысының тарихы 4 жыл бұрын Алма-Арасан шатқалында  басталған.

Тимур Хасенов, экобелсенді:

- Бәрі 2023 жылы басталды. Қыс мезгілі болатын. Досым екеуіміз өзен бойымен серуендеуге шықтық. Ол жерде қоқыс жататынын білетінбіз. Сөйтіп қап ала бардық. Соның алтауын толтырдық. Содан кейін ролик түсіріп, әлеуметтік желіге жүктедік. Тұрғындар қызығушылық танытып, біз де қосыламыз, топ құрайық деп ұсыныс білдірді. Қазір комьюнитиде 450 адам бар.

Бұл жолы Тимур мен оның командасы Алма-Арасандағы Өтпелі шатқалын тазалауға шықты. Іле Алатауы ұлттық паркінің қызметкерлерімен бірге 60 қап қоқыс жинады. Табиғат жанашырлары пластик ыдыстардың зиянын айтудан жалықпайды. Өйткені жинап алмаған жағдайда жылдар бойы топырақ астында ыдырамай жата береді. 

Қымбат Нұрдәулет, волонтёр: 

- Біздің осындай кереметтей табиғатымызды адамдар демалыстарын өткізгеннен кейін ластап кететіні өкінішті. Бірақ жинағаннан кейін өзіңді бір керемет сезінесің. Бұл жердің тыныс алып жатқанынан, жануарлардың барлығы саған алғыс айтып жатқандай сезімде боласың.

Жансерік Әлімбеков, экобелсенді:

- Табиғат аясына келіп демалғаннан кейін артын жинап кету керек. Адам баласы ұмытпау керек, жер бетінде қалай пайда болды, табиғат асырады. Осы күнге адам баласын жеткізген -табиғат. Сондықтан біз табиғатты аялауымыз керек.

Алматылықтар Тимурды Алма-Арасанның қорғаушысы деп атайды. 4 жылдың ішінде оның командасы таудан 26 тонна қоқыс түсіріпті. Бірақ ол мұны мақтан етпейді. «Бір күні жинауға қоқыс табылмай қалса, онда мен  мақсатыма жеттім,-деп білем. Сол күнді асыға күтем»,- дейді.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев, Валентин Лобанов