Қазақстанда темекі шегетіндердің үлесі 15,1 пайызға дейін төмендеді

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда 15 жастан асқан халықтың 15,1%-ы қазіргі уақытта темекі тұтынады. Мұндай деректі Ұлттық статистика бюросы жүргізген сауалнама көрсетті  деп хабарлайды «24KZ».

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, темекі тұтыну деңгейі өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. 2025 жылы бұл көрсеткіш 17,5% болса, биыл 2,4 пайыздық тармаққа азайып отыр.

Сауалнама республикадағы барлық облысты, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қамтыды. Зерттеуге 15 жастан асқан 12 мың үй шаруашылығының бір мүшесі қатысты.

Темекі тұтынатындар үлесі ауылдық жерлерде жоғары. Ауыл тұрғындары арасында бұл көрсеткіш 17,8%-ды құраса, қалалық жерлерде 14% болды.

Темекі шегетіндердің басым бөлігі – ер адамдар. Ерлер арасында бұл көрсеткіш 30,5%, ал әйелдер арасында 4,9%-ға тең.

Темекі тұтынатын халықтың басым бөлігі, яғни 98,6%-ы өнеркәсіпте шығарылған темекіні пайдаланады. Электронды темекі қолданатындар үлесі – 0,4%. Ал «IQOS», «GLO» секілді темекіні қыздыру құрылғыларын пайдаланатындар – 0,9%, басқа темекі өнімдерін тұтынатындар – 0,1%.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз