Жол қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді

Елде жол қауіпсіздігін бақылау күшейтілді. Осы мақсатта "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Алғашқы үш күннің өзінде 22 мыңнан аса заңбұзушылық анықталды.

«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 22 мыңнан аса заңбұзушылық анықталды. 300 адам көлік құралын масаң күйде басқарған. 260 азамат қарсы бағытқа шыққан. 854 жүргізуші тасымалдау қағидаларын бұзған. Заңсыз жолаушы тасымалдаған 139 көлік тіркелді. Оның 60-тан астамы такси қызметін атқарған. Осы көлік иелерінің арасында 1,5 мың техника айып тұрағына қойылды.

Қазір біз №55 бағдардағы автобустамыз. Күн сайын бұл бағытпен мыңдаған жолаушы қатынайды. Ал олардың діттеген жеріне уақтылы әрі қауіпсіз жетуіне жүргізушілер жауапты. Солардың қатарында қоғамдық көліктің тізгінін 14 жылдан бері нық ұстап келе жатқан аруымыз да бар. Бұрымдылар сирек бет бұратын кәсіпті серік еткен кейіпкеріміздің бір күндік тыныс-тіршілігіне куә болайық.

Назым Қалиланова ұзындығы 18 метрлік буынды автобусты басқарады. Көлемі жағынан бірнеше жеңіл көлікпен пара-пар алып техниканы меңгеру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мұндай ауыр көлікті жүргізетін әйелдер елде саусақпен санарлық. Автобус бағытқа шықпас бұрын жүргізуші алдымен медициналық тексеруден өтеді. Себебі, бозала таңнан кеш қарайғанға дейін жұмыс істеу оңай емес. Жолда шаршап-шалдығуы әбден мүмкін. Мамандар тек жүргізушінің ғана емес көліктің де жай-күйін жіті қарап шығады.

Назым Қалиланова, автобус жүргізушісі:

- Ең алғаш отырған көлігім троллейбус болды. Негізі адамдар жеңіл көліктен бастаушы еді. Мен бірден ауыр көлікке отырдым. Әрине, қорқынышты болды. Бірақ сол қорқынышты жеңе білдік. Кейіннен автобусқа ауыстым. Алматы қаласында 12 жыл жұмыс істеп кеттім. Қазір екі жылдай Астана қаласында жұмыс істеп жатырмын. Көбі таңқалады. Қорқынышпен қабылдайтындар да болады қалай жетеміз деп. Алаңдап тұрып алатындар да болады.

Назым қоғамдық көлікті алғаш 23 жасында тізгіндеген. Оның техникаға деген қызығушылығы әкеден дарыған. Бұрымды жүргізуші күніне 390 шақырымды автобуспен жүріп өтеді.

Руслан Акбаев, №1 автобус паркінің 8 колонна басшысы:

- Жалпы әйел адам үшін қоғамдық көлік жүргізу оңай емес. Таңғы сағат 4:30-дан түнгі 00:00-ге дейін рейсте жүріп, мыңдаған жолаушыны діттеген жеріне жеткізеді.

Бұл мамандықтағы ең маңызды қасиет жауапкершілік, кәсібилік және сабыр екенін дәлелдеп жүрген Назыммен біз мақтанамыз.

Иә, жүргізуші тек өзінің ғана емес өзгенің де өміріне жауапты. Сондықтан барынша сақ болған абзал дейді бұрымды жүргізуші.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Асхат Қарақойшиев