Самокат жүргізушілеріне жас ерекшелігі бойынша шектеу енгізілді
Өскеменде жыл басынан бері электросамокаттардың қатысумен 5 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бес адам жарақат алды. Олардың дені жол ережесін білмеген,- дейді тәртіп сақшылары.
Жолдағы жүгенсіздіктің алдын алу үшін аймақта қос дөңгелекті көлікті пайдалануға талап күшейді. Соның бірі жас ерекшелігіне қатысты шектеу. Мәселен, онлайн тіркеуден өтіп, жасыңызды растамасаңыз бірде-бір электросамокатты тізгіндей алмайсыз.
Өскеменде жалға берілетін 260 электросамокат тіркелген. Оларды жағалауға жақын алаңқайлардан, орталық көшелерден табуға болады. Бұрын қалаған адам бұл құралды алып қажетінше пайдаланатын. Бірақ, ережені сақтамау салдарынан жол-көлік оқиғасы көбейді. Қаптаған автокөлік ортасында қалай жүру керегін білмегендердің талайы жарақат алды.
Елдар Барлыханов, ШҚО ПД Әкімшілік ПБ Жол техникасы инспекциясы тобының полиция капитаны:
- Биылғы жылдың алты айы мөлшерінде 5 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бес адам жарақат алды. Полиция қызметкерлерінің жұмысымен қарастырылған тексеру жұмыстарымен 17 жол ережесін бұзушылық анықталды.
1 шілдеден бері электросамокаттарды қолдануға қатысты талап күшейді. Олар көлік құралы ретінде тіркелді. Бұл қозғалыс құралдарында тіркеу нөмірі болуы тиіс әрі оларды жалға беретін компаниялар да ортақ ережеге бағынады.Олар қазір қауіпсіздік шараларына ерекше мән беріп жатыр. Енді Өскеменде жасыңызды растап, онлайн тіркелуден өтпесеңіз, бірде-бір самокатты орнынан қозғай алмайсыз.
Нұркен Қалшораев, самокаттарды жалға беруші:
- Қауіпсіздікті арттыру үшін қазір арнайы қосымша енгіздік. Енді әр адам тіркелу кезінде жеке деректерін растауы керек. Бұл жолдағы көліктер мен жаяу жүргіншілер үшін де, бізге де, ата-аналарға да тиімді.
Ішкі істер министрлігі 26 тамыздан бастап электросамокаттардың тротуар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне толықтай тыйым салынатынын мәлімдеді. Ал тас жолдың жиегімен тек жүргізуші куәлігі бар 18 жасқа толған азаматтар ғана жүре алады.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин