Қосшыда бірқатар әлеуметтік нысан бой көтереді
Қосшыда бірқатар әлеуметтік нысан бой көтереді. Қазіргі таңда 350 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Заманауи кешенде ақ халаттылар үшін арнайы тұрғынжай да салынады.
Былтыр Үкіметтің қаулысымен Қосшы қаласының 2038 жылға дейінгі бас жоспары бекітілді. Осылайша, шаһардың ұзақ мерзімді даму бағыты айқындалды. Бас жоспар аясында Қосшыда қызу жұмыс басталып кетті. Әсіресе әлеуметтік салада қолға алынған бастамалар жетерлік. Десе де мұндағы тұрғындарды толғандырған негізгі мәселе - жылу жайы.
Азамат Қапышев, Қосшы қаласының әкімі:
- Жылу қазандықтары бойынша қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Үш қазандықтың біреуін қазір ауыстырып жатырмыз. Негізі бізде Қосшыда жылу тапшылығы бар. Атап өткендей, үш қазандықтың жобалық күші 75 кг калорий болса, бар болғаны беретіні - 36. Сондықтан тапшылық бар. Сондай жоспарымыз бар, 20 гиккалорий тағы қосымша аламыз деп.
Ал бұл - сыры кеуіп үлгермеген заманауи емхана. Медицина мекемесі бір ауысымда мың адамға көмек көрсетуге қауқарлы. Соның арқасында қазір қала тұрғындары алысқа сабылмай-ақ жедел әрі сапалы ем алып жүр.
Ұлпан Әбілева, Педиатрия бөлімінің меңгерушісі:
- Егер науқасты ауруханаға жатқызу қажет болса, алдымен тиісті тексеруден өткізіп, кейін стационарға жолдаймыз. Бұл жұмыстар нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүреді. Пациенттер негізінен Көкшетау қаласындағы облыстық ауруханаға жеткізіледі. Сонымен қатар елордадағы емдеу орындары да оларға көмек көрсетуден бас тартпайды.
Көп кешікпей, дәл осы маңнан тағы бір емдеу мекемесі бой көтереді. Бүгінде нысанның құрылыс аяқталып қалды. Көпбейінді аурухана - жұрт көптен күткен әлеуметтік жоба.
Нұрлан Қасымов, Медициналық кешен директорының орынбасары:
- Аурухананың іске қосылу мерзімі осы жылдың 4-ші тоқсаны. Айта кетсек, ауруханада бірніше бөлім болады. Хиругия, ортопедия, травмоталогия, гинекология және тағы басқа. Ультрадыбыстық зерттеу аппараттары. Эндоскопия аппараттары. Томограф болады, ПЭТ дейміз оны. Және «линияускоритель» болады. Сондықтан біз онкология науқастарына барлық мүмкіндікті көрсете аламыз.
Қосшыда үш ауысымда мектеп мәселесі оң шешімін тауып келеді. Шаһарда 1500 балаға шақталған жаңа білім ұясының құрылысы басталды. Төртқабатты 15 мың шаршы метр аумақты алатын мектепті мердігер келер жылдың наурызында ел игіліне тапсыруды көздеп отыр.
Авторлары: Артём Грапов, Назерке Тоқжан