Ұлттық ұлан офицері суға батып бара жатқан баланы құтқарды
ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшісі Балқаш көліне батып кеткен баланы құтқарды, деп хабарлайды «24KZ».
Оқиға 15 шілде күні сағат 15:30 шамасында Қарағанды облысының Шұбар түбек кентіндегі ашық жағажайда болған.
Белгілі болғандай, алғаш болып «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510 әскери бөлімінің броньды танк қызметінің бастығы майор Дияр Жақыпов көмекке келген. Офицер еңбек демалысында болған және отбасымен бірге көл жағасында демалып жүрген.
Біз отбасымызбен жағажайда демалып жатқанбыз. Кенет: «Көмектесіңдер! Баламды құтқарыңдаршы!» деп айқайлаған әйел адамның шарасыз даусын естідім. Бірден жүгіріп барсам, бір бала суға батып бара жатыр екен. Баланың бөтені жоқ қой. Ойланбастан суға секірдім де, жылдам жүзіп бардым. Адам өмірінен артық қандай құндылық бар?! Сол кездегі бар ойым — уақыт жоғалтпай баланы құтқару болды. Шүкір, аман-есен жағаға шығарып, анасына тапсырдым, – дейді майор Дияр Жақыпов.
Қазір баланың жағдайы жақсы, өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз