Алматыға шілденің шіліңгір ыстығы келді  

Синоптиктердің болжамынша, алдағы үш күнде сынап бағанасы 42 градусқа дейін көтеріледі. Бұл – биылғы жаздың ең ыстық кезеңдерінің бірі болады.

Осы орайда қаланың коммуналдық қызметі тұрғындардың қолайлылығы үшін ерекше әдіске көшті. Мегаполистің көлік көп қатынайтын көшелеріне арнайы техникалар шығып, ауаға су бүркіп, айналаны салқындатып жатыр. Мұны мамандар «аэрация» әдісі деп атайды. Ол қаланың 128 көшесіне жасалады. Су тасығыш машиналардың көмегімен асфальт жолдар салқындатылады. Бұл тәсіл шаңды басып, тұрғындардың еркін тыныс алуына септігін тигізеді.

Есбол Күребай, қалалық Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілі:
- Су бүрку жұмыстары Алматы қаласы бойынша қарқынды жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстар 20-на дейін 11:00-ден кешкі 16:00-ге дейінгі аралықта жүргізілетін болады. Жұмыстар қаламыздың адам көп шоғырланатын, халық жиі жүретін, яғни магистральды көшелерінде жүргізілетін болады.