7 тәулікке қамалды: Шымкентте екі жігіт қаланың қақ ортасында көлікпен жарысты
Шымкентте жол қауіпсіздігіне қатер төндірген көлік жарысына қатысушылар жауапқа тартылды. Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында қала көшелерінің бірінде қауіпті маневрлер жасап, көлік жарысын ұйымдастырған жүргізушілердің бейнежазбасын анықтады, деп хабарлайды «24KZ».
Бейнежазбадан олардың қозғалыс кезінде қарсы бағыттағы жолаққа шығып, жол ережесін өрескел бұзғаны, өзге жүргізушілерге қауіп төндіріп, апаттық жағдай туғызғаны байқалған.
Сондай-ақ аталған әрекеттерін видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялаған. Тексеру барысында қатысушылардың бірінің жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндегені анықталды.
Жастардың мұндай қауіпті әрекетке баруына 200 мың теңгеге бәстесу себеп болған. Олар ұтысқа жетіп, әлеуметтік желіге әсерлі бейнежазба жариялауды мақсат еткен, – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.
Жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Олардың екеуі ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 7 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз