«Болашақ ойындарына» қызу дайындық жүріп жатыр

Дәстүрлі спорт пен киберспорттың қосындысы.

Астана халықаралық фиджитал жарысқа дайындалып жатыр. Болашақ ойындары атауына ие беделді бәйгенің басталуына екі аптадай уақыт қалды. Әріптесім Бақыт Топтаева ерекше форматтағы әлемдік сайысқа дайындық барысын көріп қайтқан еді.

Байғали Ниязқұлов, волонтерлар штабының жетекшісі:

- Мынау біздің штабымыз, штабқа қош келдіңіздер! Мұнда біздің штабтың ережелері: мұнда бір-біріңізді құрметтеңіздер, тазалықты сақтаңыздар деген сияқты базалық түсініктер. Және ең біздің штабтың тик ток зона. Біздің жастарымыз, өздеріңіз білесіздер Тиктокты жақсы көреді. Соларға комфортный зона болсын деп, сосын осы ойындардың освещениесі жақсы болсын деп осылай зона жасап қойдық. 

Болашақ ойындарына арналған волонтерлық штабты аралатып жүрген  - Байғали Ниязқұлов. Штаб жетекшісі еріктілер қатарына қосылуға 1400 адам өтінім жібергенін айтады. Солардың ішінен 800-і  іріктелген екен. 

Байғали Ниязқұлов, волонтерлер штабының жетекшісі:

- Әр еріктімен жеке-жеке собеседевание өткізіп, олардың білімін, ағылшын, бізге басқа да испан, француз тілінен болады ғой, қалғаны стрессоусточивость, командамен жұмыс жасай білу, волонтерлықта тәжірибесі болуы керек. Өйткені международный проект болғандықтан, бізге нағыз еріктілердің мықтысы керек расында. Өйткені біздің Қазақстандағы ұйымдастырылу деңгейін осы волонтерлардың жұмысына қарай бағалайды. 

Иә, фиджитал аяқталғанша аяғынан тік тұрып қызмет көрсететін осы еріктілер. Шетел спортшыларын әуежайдан күтіп алу, көрерменге жол сілтеу, БАҚ өкілдерін бағыттау, спорттық нысандардағы тәртіп пен тазалықты қадағалау сияқты 16 түрлі іске жұмылдырылады. 

Байғали Ниязқұлов, волонтерлер штабының жетекшісі:

- Еріктілердің team лидерлері бар, координатор дейміз. Әрқайсысының волонтерлар командасы бар, 15-20 адамнан берілген. Сол қыздар-балалар сол волонтерлармен жұмыс жасайды. Системада өзін дұрыс толтырмаған болса, бэйджиктер, униформаларын алу, олардың сменге келіп кетуін қадағалайтын болады. Және де әртүрлі сұрақтар пайда болатын болса, сол сұрақтарды осы қыздар, балалар дер кезінде жауап беріп, шешіп отырады.

Физикалық және диджитал кеңістікте бақ сынайтын спортшылардың да дайындығы қыза түскен. Солардың бірі рhygital basketbal ойыншысы Сардал Абашидзе. Кәсіби баскетболшы былтыр фиджитал ойындарына алғаш қатысқанын айтады. 

Сардал Абашидзе, Phygital баскетбол ойыншысы:

-  Негізі фиджитал ойынға көбірек уақыт бөлу керек. Физикалық ойынға да, диджитал ойынға да бірдей мән берген абзал. Өйткені екеуі маңызды. Қазір командамен залда жаттығып жатырмыз. Жақсы ойнап шығу үшін, беріліп ойнау керек. Былтыр іріктеу ойыны болған еді. Бағымызға орай,  бірінші орын алдық. Біз үшін бұл әрі дайындық, әрі фиджитал ойындарына сынақ кезеңі болды. Қазір міне ойынға қызу дайындалып жатырмыз.

Фиджиталға алғаш қосылғандардың тағы бірі Олжас Тайбасаров. Футзалшының айтуынша, командасы киберспортшылар мен кәсіби спортшылардан жасақталған. 

Олжас Тайбасаров, Phygital футбол ойыншысы:  

- Маған әрине футзал ойнау анағұрлым жеңіл. Мен өмір бойы соны ойнап келемін ғой. Дегенмен, фиджиталда бортпен ойнау өте қызық. Мен үшін жаңа нәрсе. Ойынды белгілі бір тәсілге салып ойнауға тырысамыз. Негізі өте қызық. Құрамада 5 нағыз футболшы, үш киберспортшы және бір әмбебап ойыншы болуы тиіс. Алдымен киберспортшылар 5 минут Фифа ойнайды, артынша біз 5 минут бойы нағыз ойын алаңында жарысамыз. 

Ержан Шәкеев, «Қазспортинвест» АҚ Спорттық іс-шара департаментінің басшысы:

- Қазіргі заманның сондай талабы деп айтсақ болады. Бәрі тез, жылдам  динамика өте жылдам өтіп жатыр. Бұл сайыстар да дәл сондай форматта. Алдымен екі этап туралы айтып кеттік. Диджитал этапта да ойындар тез өтеді. Себебі классикалық этапта диджитал ойындар ұзаққа созылмайды. Сол сияқты физикалық жағдай, ол жерде де ұзақ сайыстар өткізуге де формат ондай емес. Жаңадан ойлап табылған формат.   

Мыңға жуық спортшының басын қосатын бәйге қоры - 4 млн доллар. Болашақ ойындары шілденің 29-ынан басталып, екі аптаға ұласады. Халықаралық жарыс Астананың төрт бірдей спорт нысанында  ұйымдастырылмақ. Қазір онда техникалық монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Спортшылар сегіз түрлі сайыста, атап айтқанда, фиджитал футбол, фиджитал баскетбол, фиджитал би және фиджитал жекпе-жектен бақтарын сынайды. Соған қоса 4 классикалық киберспорттан арнайы сайыс өтеді.

Бақыт Топтаева, Мадияр Қындыбаев