«Болашақ ойындарына» билет сатыла бастады

Phygital форматындағы Болашақ ойындарының билеттері сатылымға шықты.  

29 шілдеден 9 тамызға дейін өтетін жарыстардың билеттері ресми Болашақ ойындарының ресми сайтында қолжетімді. Халықаралық жарыс бас шаһардың төрт бірдей спорт нысанында өтеді. Олар: Қазақстан жеңіл атлетикалық кешені,  Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, Барыс және Билайн ареналары. Биылғы әлемдік фиджитал сайысының басты ерекшелігі де осы. Себебі бұған дейін Болашақ ойындары бір ғана нысанның ішінде өткізілетін. Қазір төрт нысанда техникалық монтаж жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазақстандағы цифрландыру деңгейі мен кешендердің инфрақұрылымы беделді халықаралық жарыстарды өткізуге әбден лайық екенімізді аңғартады, дейді ұйымдастырушылар.

Әлібек Хасенов, «Болашақ ойындары 2026» ұйымдастыру дирекциясының жетекшісі:

- Бұл жарыстарға біз әлемнің 35 елінен 864 спортшыны шақырдық. Клубтардың қатарында жаһанға танымал Тим Спирит, Виртус Про, Фалконс сияқты ең үздіктер бар. Іс-шараға әдейілеп ауқымды мәдени бағдарламалар әзірледік. 29 шілде күні Барыс аренада өтетін ашылу салтанатына шақырамыз.