Ақмола облысында алтынды заңсыз өңдегендер ұсталды

Бұл жайлы Қаржылық мониторинг агенттігінің мамандары мәлімдеді. Шортанды ауданындағы жасырын цехті тінту барысында 446 грамм алтын құймасы, 4 тонна алтын құрамды материал, 6 келі сынап табылды.

Сондай-ақ 2 млн теңге және 8 мың АҚШ доллары көлеміндегі қаражат тәркіленді. Қару жарақ пен оқ-дәрі анықталды. Қылмысты ұйымдастырған адам ұсталды.

Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:

- Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Шортанды ауданы аумағында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан адамдар тобының қызметін тоқтатты. Жедел-іздестіру шаралары барысында құрамында алтыны бар кенді өңдеуге және бағалы металдарды бөліп алуға арналған жасырын цех анықталды. Қазіргі уақытта заңсыз қызметке қатысы бар барлық тұлғалар, сондай-ақ заңсыз өндірілген бағалы металдардың көлемі анықталуда.